Қасқыр екен десем...
Байжан — орта шаруа, жасының үлкендігімен бірге өз ауылына, көршілес ауылдарға да инабатты адам.
Бірде ол, күндегі әдетінше, ерте тұрып намазын оқыды да, мал жайғастыруға шықты. Кенет, оның қырағы көзі қорадан шығып бара жатқан қасқырды көрді. Дереу көк айғырға ырғып мініп, қолына сойылшасын алды да, көкжалды қуа жөнелді. Таң сәріде оны соғып алып, кездейсоқ олжаға бата қалмақ. Көкжал пәрменімен қарыштай жүгіріп қашса да, көк айғыр оның адымын ашырмады. Ауыл сыртындағы қырқадан қайыра қуып, қораға әкеліп тықты. Әбден шаршап сілесі қатқан көкжал «енді не істесең де, еркің» дегендей қарсы қарап, тілін салақтатып, жүресінен жата қалды. Көк айғырдың ақ көбігін ағызып, Байжекең де келіп жетті.
Бұл кезде үйдегі адамдар да тұрып, мал жайғастыра бастаған еді. Өздерінің асыранды иті көк төбет тілі салақтап, екі езуінен сілемейі шұбырып жатыр, аянышты түрде әркімге жаутаңдап қарайды. Көк айғыр да терге малшынған, буы бұрқырап тұр.
— Ай, ата, мұныңыз қалай, мынау өзіміздің көк төбет емес пе?! — десті қақпа алдында тұрғандар.
Байжекең атынан ырғып түсе қалды. Қасқырға жетер-жетпес болып, ұмтыла шауып жүрген кезде астындағы тоқымның түсіп қалғанын да сезбепті, шалбары мен күпісінің етегі терге малшыныпты.
— Қасқыр екен десем, өзіміздің көк төбет екен ғой, — деп қынжыла сөйлеп, үйге кірді «аңшы» отағасы.