26.08.2021
  232


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қасенханның Асан қайғы атануы (ІІІ нұсқа)

Қасенхан бір күні Ғұзайнұр деген кісіге:


— Маған арнайы бал ашып беріңіз, — депті. Ғұзайнұр Қасенге арнайы бал ашып, Қасенге айтты:


— Сенің талайың су перінің патшасының қызы нәсіп болады екен, — депті. Қасен:


— Маған ол қыз қайдан кез болады екен? — деп сұрапты.


Ғұзайнұр:


— Ол қыз саған Еділ, Жайық, Ертіс — осы үш өзен тұстарына қармақ салсаң, кезігеді. Судағы қармағыңа ілінеді, — деген соң Қасен осы үш өзенге бірнеше жыл қармақ салады.


Ақыры ұзын аққан Ертіс өзенінің аяқ кезінен қармағына бір сандық ілініпті. Қасен асығып сандықтың аузын ашса, ішінен жаннан асқан бір сұлу қыз шығады. Қасен қуанып:


«Баяғы Ғұзайнұрдың айтқан қызы осы болар» деп ойлап, қыздың сұлулығына қызығып өзі алады. Әлгі қыздың ерді сыйлап күту тәрбиесі әйел затынан артық болады. Бірақ сөйлемейді. Сөз сұрасаң да, үндемейді. Ал Қасен айтқан сөзін құлағы бар адамдай естиді. Қасен қыздың қалайша сөйлемеуіне таң қалады. Құлағы жоқ дейін десе, айтқанды ұғады және тындырып істейді. Тіл бар десең, тіл қатпайды. «Бұл мені менсінбей жүр» деп те ойлап қалады. Ақыры мұны базарға ертіп апарып, оны-мұны көрген соң сөйлер деп, базарға апарады. Екеуі базар аралайды. Әлгі әйел бір жерге келгенде басын шайқап тоқтап тұрады. Қасен:


— Неге ренжідің? — деп сұраса, бұрынғы қалпынша үндемейді. Тағы бір ретте базар аралап жүріп, тұра қалып ренжіп қалады. Қасен сұраса, үндемейді. Тағы бірде базар аралап жүргенде тұрып, бұрынғыдан да қатты ренжиді. Қасен әйелді жапан түзге ертіп шығып, әйелден сұраса үндемейді. Қасен ашуланып:


— Тілің бар, неге сөйлемейсің? — деп таяқпен әйелді әбден ұрады. Таяқ өткен соң әйел айтады:


— Сен маған не айт дейсің? Менің сөйлемеуім біздің заң бойынша бала тапқанша сөйлемейді. Егер қорқып сөйлесе, тиген адаммен бірге болуға рұқсат жоқ. Мен сені менсінбей ренжіп жүргенім жоқ. Мен енді сөйледім. Енді сенімен бірге жүре алмаймын. Менің сөйлемеу себебім осы еді. Менің ішімде алты айлық балаң бар. Осы балаңды баяғы мені алған жеріңнен бар уақытында алып құш! — деп кетуге ыңғайланады. Қасен:


— Тоқта, бағана базарға барғанда үш мәрте ренжіген себебін айтып кет, — дейді. Сонда қыз айтады:


— Бір жігіт өрік алып, етін жеп болып сүйегін тісіне салып шақты. Соған ренжіп, оның төлегені бір тиын еді, түкке тұрмайтынға бола тісін мұқалтқанына ренжіп едім. Тағы біреу келіншек алып той қылмақ болып, мал сойып, қанша қымбат жеміс алып, ең соңында тұз алмақ болып саудаласып, бағасына келіспей, тұз алмай кетті. Сол жігіттің ақымақтығына ренжіп едім. Қанша тамақ болса да, тұзсыз дәмі бола ма деп. Үшінші бір жігіт бір етік сатып алды. Са- тушыдан етік үш жылға бара ма деп сұрады. Өз өмірі бір жылдан кейін өлерін білмегенін ренжіп едім, — деді де, «қош бол!» деп ұшып кетеді. Осыдан кейін Қасенхан осы қыз кез бола ма деп Сарыарқаны түгел кезіп жүріп, әр нәрсені уайым қып айта беріпті. Мәселен:


— Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер.
Құлағының жүні жоқ
Қоян қайтіп күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Жылан қайтіп күн көрер, —


деп әр сөзді айтып қайғыра берген соң, Қасенхан аты жойылып «Асан қайғы» атаныпты.





Пікір жазу