Қара Жүсіп
Қара Жүсіп Жалдама өзенін жайлаған арғын руының қырықмылтық деген атасынан шыққан. Орта бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, екі қарының бұлшық еттері ойнап тұратын алып күш иесі болған. Қаһарлы қыстың үскірік аязында түк басқан омырауын ашып жүреді екен. Босағасына мал бітіп көрмеген. Бар сенері қара күші мен қара кетпені, сырыққа саптаған бел орағы болса керек.
Жалдаманың бойында егін суаратын «Жүсіп арығы» дейтін арықтар, терең құдықтар әлі күнге кездеседі. Соларды байларға жалданып Қара Жүсіп қазған екен. Ол кісінің бір мінезі — ісінен мін тапса, «ақысыз істің ажары болмайды» деп қазған құдығы мен арығын бітеп, үйген шөбі болса, шашып кетеді екен. Осы қылығына қарап, ел оны «жынды Жүсіп» десе, түріне қарап «Қара Жүсіп» деп атап кеткен көрінеді.