25.08.2021
  177


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қайың сауған

Ол кезде иісі қазақтың қысқа қарай ірге түйістірер жері Сырдария, Шу өзендерінің бойы болса керек. Арналы өзендердің қос қапталы сыңсыған нар қамыс жиде, жыңғыл, сексеуілі ұйысқан тоғай, қыс бойы дым тисе болды оты бөртіп шыға беретін қалың қыртыс құмдауыт бұйраттар. Осынау құнарлы өңір көшпелі елді жаз шыға өргізіп, қысқа қарай кең қанатымен қымтайтын киелі мекен болған. Сол киелі мекенді керейлер де қыстап, жаз жылт етісімен Арқаның апайтөс даласын дендей өтіп, шырқай көшіп жайлайды екен. Сонда, көкірегі шежіре құйма құлақ қарттар: «Сырдың суы тәтті, Арқаның шөбі шүйгін. Бірақ қалың керейдің кіндік жұрты — Қара Ертістің бойы мен Алтай, Тарбағатайдың қолтық-қолаттары. Заман дауылы сол жерден іргемізді көтергенде бір дуалы ауыз батагөй дана айтқан екен «жеті ұрпақ алмасқанда ата қоныстарыңа қайтып ораласыңдар» деп сол дананың айтқаны келер болса, жетінші ұрпақтың да төбесі көрініп қалды-ау», — деп отырады екен.


Дуалы ауыз дана айтса айтқандай, ата қоныстан кіндік үзген керейлердің жетінші ұрпағы төбе көрсеткен жылдардың бірі өзгеше болып басталады. Табиғат жарықтық ашөзек шақтан бастап-ақ апшыны қуырып, қырыс қабақ танытады. Көктем шуағы жер құйқасын жібіте алмай, тамыр біткен жер астына бұғып қалады. Шөп буыны ерте қатып, төрт түліктің бауыры тартылады. Бастау біткеннің көзі тарылып, суының дәмі
бұзылады. Селдіреп жеткен жыл құстары балапандарын ерте өргізеді...


Осының бәрін қалт жібермей бақылап жүрген есепші Байымбет іштей бір нәубеттің жақындағанын кезеді. Атар таңды үмітпен қарсы алғанымен, айналасынан көңілге жұбаныш болар нышан таппай дал болады. Жаз бойы көктен нәр тамбай, байтақ дала тері сүйреткендей бедеу тақырға айналады. Күнімен бүйір соғып шаң жұтқан жылқы шілденің күнінде ықтап жусайтын әдет шығарады. Байымбет бұрынғыдан бетер мазасызданып, төсегінен безінеді. Күндіз-түні табиғаттың қас-қабағына қарап, ақсүйек жұттың жақындап қалған демін сезгендей мазасызданады. Ел-жұртының ертеңгі қасірет шегер ауыр азапты күндерін елестетіп дал болады.


Сөйтіп жүргенде күз демі білінеді. Бір күні Байымбет жолға қамданады. Жанына ат-көлігі сай алты жігіт ертіп, саркідір сіңірлі атанға қос артады да, жолға шығады. Ауыл-ел адамдары бар үмітін Байымбетке артып, оң сапар тілеседі.


Байымбет ел шетіне ұзап шығып, ауыл-елден қара үзген шақта тізгін тартады. Атанды шөгеріп, қосын тіктіреді? Не ойлағаны бар? Байымбеттің жанындағы серіктері тықақтап жөн сұраса, жаман ырым болар деп бой тартып, мазаламайды. Күндер өтіп жатады. Байымбеттің бар бітірері ерте тұрып, атына мініп, бел асып кетеді. Содан түс ауа қайтып оралады. Бұрынғыдан бетер тұйықталып, бұрынғыдан бетер мазаң күй кешкендей.


Бір күні Байымбет әдеттегідей ерте тұрып, атына мініп, бел асып кетеді де, көп кешікпей қайта оралады. Жүрісі суыт, жанарынан үміт сәулесі ұшқындап, өңіне өзгеріс енгендей. Келе қосты жықтырып, жолға қамдайды. Жанындағы серіктері аң-таң.


Сөйтсе, қос тіккен жердің шығысында көлбеп жатқан қыр астында бір қасқа бұлақ болады екен. Бұл өңірдегі аяқты аңның таңдай жібітер жалғыз мекені осы қасқа бұлақ болса керек. Байымбет сол бұлақтан із кесіп, жұттан ауған аңның бетін білгісі келіп жүреді екен ғой. Ал жалғыз аттанатыны — көп болып жүріп аңға иіс алдырса, түз тағысы шошынып, бағытын өзгертер деп сақтанғаны еді дейді.


Байымбет жанындағы серіктеріне мән-жайды айтып, кешікпей-ақ қасқа бұлақтың басына келеді. Келсе, тұяқты аңның шұбырынды ізі жосылып жатыр. Ішінде саздауытқа тереңдеу батқан бір із мөрдей болып көзге түседі. Сол жерде Байымбет: «Мен іздеген қырдың қоңыр құлжасы осы еді, енді мұнан көз жазып қалмайық»,—дейді.


Содан, Байымбет бастаған жеті атты қоңыр құлжа бастаған түз тағысының шұбырынды ізіне түсіп, ілеседі де отырады. Аңды қуып жетіп үркітпейді де, қара үзіп кейін де қалмайды. Осы қалыппен күн жүреді, түн жүреді. Арада апталар өтеді. Қоңыр құлжа бастаған аңның ізі шығысты бетке алып, үдере тартып барады. «иә, сәт!» деп қойып, Байымбет те қалыспай ілеседі.


Күндердің бір күнінде қиырдан зорая көлбеп жатқан ақ бас тау көрінеді. Қоңыр құлжаның ізі осы ақ бастаудың теріскейі не қарай бөктерлей тартады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген, кешікпей-ақ ақ бас тауды алқымдап, теріскейіне қарай Байымбеттер де өтеді. Сонда, қарсы беттен мұнарта көрінген көкшіл таудың баурайында керіліп жатқан кең алқап жолаушылардың көзін тұсағандай болады. Бір жағында көз
қарықтыра жарқыраған Мұзтау. Қарсы бетте көгере мұнартқан Көксұн. Арасы керіле созылған ирек адырлы апайтөс алап. Апайтөс алаптың ащылы-тұщылы оты ұйыса біткен.


Жерұйыққа тап болғандай сұқтанып келе жатқан жолаушылар бір бел асқанда, иек астында қоңыр құлжа бастаған тұяқты аңдарды көреді. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, іздеген жерұйығымен сағынысып табысқандай, шөбі шүйгін алапқа кенедей қадалған. Неше күн бойы үдере тартқанда іздегені осы өңір сияқты. Енді бұл жерден дабыл қағып қусаң да кетер емес.


Сонда есепші Байымбеттің ақ сақалы желбіреп, кәрі жүрегі елжіреп тұрып: «Міне, біздің жанымызға араша, малымызға пана болар құт мекеніміз осы!», — деген екен. Содан бері бұл өңір Сауыр атанып еді дейді.


Сөйтіп, түздің қоңыр аңы бастап келген шүйгін өңірді көріп, көңілдері толып, Байымбет жанындағы серіктерімен елге қайтады. Елге келісімен ағайын-туғанның басын қосып, қабағы қату жұттың жақындап келе жатқанын ескеріп, жаңа жұртқа қоныс аударудың жайын ортаға салады. Әрине, күл төгіп үйренген мекеннен кіндік үзіп, қотарыла көшу қалың елге оңай емес. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде жаңа жұртқа тебін малын ғана қостап қыстатып шығуға пәтуаласады. Одан әрі тағдырдың бұйырған жазуы ретімен бола жатар дейді.


Содан, Байымбет ақсақал өзі араласып жүріп, сайдың тасындай атпал азаматтарды іріктеп алады да, қарашаның қарлы-жаңбырына ұрынбай тұрып тебін малын айдап жөнеледі. Төрт түлік малды тіршілігіне тірек еткен қалың ел ақсарбасын шалып, ақ тілеуін тілеп қала береді.


Есепші Байымбеттің айтқаны айдай келіп, сол жылдың қысы қылышын сүйрете келеді. Күздің соңын ала көк иық етіп жауған жауынның аяғы сақылдаған сары аязға ұласады, Жер бетін көк кіреуке тоң буып, қыс басталмай жатып-ақ қыспаққа алады. Мұнан әрі қаңтары қырланып, ақпаны ақырып, біресе ат құлағы көрінбес ақтүтегімен, біресе қарып түсер қызыл шұнақ аязымен апшыны қуырады. Әйтеуір ел-жұрт қамсыз емес, қолдағы малының қоңы қайтпай тұрғанда сойып алып, келер күннің бұйыртар сыбағасын күтумен болады.


Бұл кезде Байымбет есепші бастаған ел азаматтары отар-отар қойын, табын-табын жылқысын, келелі түйелерін Сауырдың шүйгін қорығына салып, ащылы-тұщылы отын сары майдай кертіп жеп жатады. Өзі де бір аязы жұмсақ, қары күрпек, ықтасыны мол, шөбі жұғымды құт мекен екен. Тебін малы қуырған бидайдай бөртіп, табан аудармай құныға жайылып, құндыздай құлпырып алады. Барлық уайымдары артта қалған
ағайын-туғанның жай-күйі ғана болады. Әсіресе, не боларын болжап біліп отырған есепші Байымбет ел-жұрттың жайын ойлағанда құмығып, уайымнан шөгіп кетеді. Жылт етіп шығар көктемді тықырши күтіп, қыс құрсауында қалған ағайын-туғанға тезірек қол ұшын бергісі келеді...


Содан, аңсай күткен көктем де жетеді. Малдың алды төлдей бастайды. Қыстан дилы шыққан малдың төл төгіні де жеңіл болады. Аз күнде бауыр көтеріп, аяқтанып шыға келген төл өрісті толтырады.


Байымбет есепшінің көңілі сонда да күпті. Енді тезірек елге бет бұрып, қыстан тарығып шыққан ағайынның аузын аққа тигізуді арман етеді. Кешікпей-ақ, мыңғырған малды жая айдап, елге жетуге асығады.


...Қарт есепші жаңылмапты. Сол жылдың қысында Сыр мен Арқа алабында ақсүйек жұт болады. «Бір үй ашықса, бір ауылды жұтатады, бір ауыл ашықса, бүкіл елді жұтады» деген емес пе, алты ай қыстың ауыр нәубеті тірі жанды тұралатып-ақ тастаса керек. Елдің алды ашығып, амалы таусылған соң, бүр жарған қайыңның бүйірін тіліп, шырынын іше бастаған екен. Бұл жұттың «Қайың сауған» атануының себебі де осы еді дейді.


Ел-жұрт осындай халде жүргенде дала төсін ырысқа толтырып, бір басы екеу болып, жанындағы жігіттерімен есепші Байымбет те жетеді. Сөйтіп, үміт жібі енді үзіледі-ау деп отырған ағайынның айы оңынан туады.


Осыдан кейін қалың керейдің алды қона жылжып, түп атасының кіндік қаны тамған киелі жұртына қоныс аударған екен.





Пікір жазу