25.08.2021
  228


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Күйеу бала

Нақұрыстау бір жігітке қыз тимей көп жүріпті. Оның әкесі шалғай қыстақтағы бір танысының үйіне барып бұйымтайын айтқан екен: «Алдымен баланың өзі бір көрініп кетсін» деп қайтарыпты. Үйіне қайта оралған ол баласына:



— Ол үйге барғаннан кейін аңдап сөйле, албаты сөйлеп, нақұрыстығыңды байқатып алып жүрме. Ол үйдің есігінің алдында екі түп тал бар екен, сөз ыңғайы келгенде «Атамның мына екі түп талы күтімі келсе, кейін бір үйлік жақсы үй ағаш болады екен» деп қой, ол үйде және биыл ертерек туған екі еркек бұзау бар екен, тағы бір сөз ыңғайын келтіріп: «Атамның мына екі бұзауы бағымы келсе, кейін екі жақсы атан өгіз болады екен» деп қоярсың деп баласына болашақ қайынына аттандырыпты.


Жігіт қыздың үйіне барғаннан кейін сөзді аз сөйлеп, жұмысты көп істепті. Екі күн кеште сөз кезегін келтіріп, әкесінің тапсыруы бойынша ағаш пен бұзауға баға берген екен, қыздың әке-шешесі қатты риза болып: «Күйеу баламыз ақылды әрі әңгімешіл екен, бұған берсек, қызымыз қор бола қоймас», — десіпті.


Екі рет мақтау естіген жігіт, өзінің «зеректігін» онан ары байқату үшін бір күні атасының қайрағын көрсетіп тұрып:


— Атамның мына қайрағы бағымы келсе, кейін жақсы шаңтас болып шығады екен, — депті.


 





Пікір жазу