25.08.2021
  140


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Көш келді

Бежең үлкен ұлы Қара Оспанға қалыңдық айттырып, келін түсірер кезде, ырым жасап баласын қайнына аттандырады. Құда жақ қыз ұзату тойын жасап келінді аттандырыпты деген хабар жетісімен, тұңғыш келінінің қуанышты тойын асыға күткен Бежең, келін келуге бір күн қалғанда, ауыл іргесіндегі төбеге кілем салдыртады да, ауыл ақсақалдарымен бірге ағылта әңгіме соғып, төгілте күй шертіп отырады. Келесі күні түстен кейін қыз ұзатқан құда-құдағилар көші ауылға жақындағанда ата салт бойынша келінді аттан түсіріп, ауылға жаяу бастайды. Кежімдеген келін атын мінген бойжеткен мен көш тосып жүрген балалар «көш келді!», — деп шүйінші сұрай ауылға келеді. Ауылдағы ақ самайлы әжелер мен Бежеңнің бәйбішесі салт бойынша келіннің атына шашу шашып, балаларға шүйінші беріп риза етеді. Қуанышқа бөленіп сезім шаттығы шалқыған Бежең көсілте күйге басады. Торқалы той, думанды қызықпен жалғасып таратады. Алыс жерден келіп, екшеліп қалған ерекше күтімдегі құда-жұрт, сыйлы қонақтар қош айтып, еліне қайту үшін Бежеңнің үйіне келеді. Бұлардың ішіндегі қадірменді қарт құдасы, қаратай руынан шыққан әйгілі би Мәметек те бар еді. Бежең алыс сапардан келген сыйлы қонақтарын жібермей, тағы бірнеше күн жатқызып, дыр-думанды сауық-сайран ұйыстырып береді. Мәметек би: «Бежең құда, сен қатынасқан ұлы дүбірлі бас қосулардың бірде-бірі күйсіз басталып, күйсіз аяқталып көрген емес еді ғой! Қане, балаңның торқалы тойына арнағаның болса, біз соны естісек» дейді. Қаумалай отырған қалың жұрт бұл пікірді құптай жөнеледі.


Бежең домбыраның құлақ күйін келтіріп алады да: «тойға арнаған екі күйім бар еді. Бірі — шүйінші сұрай келген қуанышты хабар шабытымен туған «Көш келді» атты күй; енді бірі тұңғыш ұлымның думанды тойы басталғандағы қуанышты сезімнен туған «Той бастар» күйі дейді де, құйқылжыта күйге басады. Айшықты жасалып, айызды шертілген осы бір тәтті күйлерден жан семіртерлік ләззат алған Мәметек би: «шіркін, аты-затына сай ершімді-ақ күйлер екен қарағым, Тәңірім қол-аяғыңа дерт бермегей, отауың құтты, балаларың бақытты әрі ұрпақты болсын!» деп ақ батасын беріп, ақ тілегін білдіріп аттанады.





Пікір жазу