Кербез қыз (ІV нұсқа)
Бір байдың жалғыз өскен ерке тотай қызы болыпты. Өмір тақыршылдығын көрмеген. Мол дүниенің кең ортасында шалқып өскен қыздың сұлулығына кербездігі сай келіпті-мыс. Сұлу қызға дүйім елдің талай байының кербезсіген ұлдары, ел ішінің сұлуы атанған жігіттері сөз айтқанымен қыз оның бірде-біріне ықтиярлық бермейді. Теңім емес деген жауап қайырады. Сөйтіп жүріп қыздың жасы бірталайға келеді. Ол сонда да ешкімді ұнатпайды. Қыздың бұл қылығына «қызым отырып қала ма» деп шешесі қауіптенеді де, қыздың жеңгелерін жұмсап сырын
сұрайды. Сонда қыз: «Мен бір үйдің жалғыз қызымын, әке-шешем барын менің алдыма тосты, тотыдай тарап өсірді. Соның арқасында кербез қыз атандым. Менің осы кербездігімді кім сыбызғыда тартады, теңім сол, соған барамын», — дейді.
Қыздың сөзі ауыздан-ауызға тарап елге жайылады. Енді қызға жорға мінген үкілі жігіттер емес, сыбызғышы жігіттер келе бастайды. Қыз олардың да ешбірінің күйін жақтырмайды. Сөйтіп жүргенде, бір күні жалбыр шапанды сыбызғышы жігіт келіп: «Сенің кербездігің менің мына күйімнен артық қандай еді?!» — деп күйін тартады. Кедей жігіттің күйіне риза болған қыз соған қосылатынын білдіреді. Әке-шешесі отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қызын сүйген жігітіне қосып аттандырады. Сондағы жігіттің тартқан күйі осы «Кербез қыз» күйі екен дейді.