Кербез қыз (V нұсқа)
Құба жонда жылқы бағып жүрген жылқышы жігіт жақын маңдағы ауылдардың біріне қыдырып барса, үйде тұлғасы көз тартып, көңілді баурарлықтай, ақ тістері тізілген, алма мойны үзілген, қос бұрымы өкшесін соққан бір қыз отырады. Қыздың көркіне мінезі сай. Жылқышы жігіттің аман-сәлеміне ашық-жарқын үнмен жауап қайтарады да, орнынан тұрып, от жаға бастайды. Жігіт төр алдына жайғасып, отырады да, жүкке сүйеулі тұрған домбыраны алып, ақырын ғана шерте отырып, екі көзін қыздан аудармайды. Қыздың мүсіні қандай сұлу болса, қимылы да сондай сұлу. Кербез қимылдап от тамызып, шәйнек асады, қолына түйір кіршік жуытпайды, ыдыс-аяғы да мұнтаздай. Дастархан дайындап тұрған қыз жігіттің шертіп отырған бірдің басы, бірдің аяғы араласқан берекесіз күйін естіп мырс етіп күліп жібереді. Мұны көзі шалған жігіт талғамсыз шертіп отырған домбырасын қоя салып қыздан:
— Неге күлдің, құрбым? Мазағың болдым-ау, — деп өкінеді.
— Қыран ғана мекендеген асқар тауда жүрген жігіт талғампаз болмас па еді. Қайран домбыраның қор болып, сөйлей алмай, не айтарын біле алмай тілі күрмеліп отырғанына жаным ашығаны да. Сіздей жігітті неге қорлайын? — дейді әзілдеп.
Қыз сөзінен ұтылған жігіт білегін түріп, домбырасын көктейді де, жаңа бір күйді шертіп ала жөнеледі. Жігіттің тартқан күйін қыз ұйып тыңдап, күй аяқталғанша қозғалмастан мелшиіп тұрып қалады. Күйді бітіп қыздың шын беріле тыңдаған мына тұрысына разы болған жігіт: «Күй сырын ұққан адам сендей-ақ болар! Сыртың сұлу, қимылың кербез бе десем, нағыз сұлулық пен кербездік ішіңде екен. Сол кербездігіңе тартқан сыйым осы күй «Кербез қыз» күйі болсын», — депті.