24.08.2021
  191


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Кебін

Әпенді кедейліктен байлардың ең ауыр қара жұмыстарына жалданып күн көріпті. Самарқанға келіп, бір байға жалданады. Жыл бойы байдың жерін жыртып, дәнін сеуіп, егінін жинап, бастырып беріпті. Күзде есеп айырысатын кезде бай ақша жоқ, — дейді. Әпенді ерегісіп бай қақпасының алдынан кетпей қояды. Бай шығып:


— Қара сирақ, мұнда қанша жүрмекшісің? — дейді.


— Ақша төлегенше жүремін.


— Ал, төлемесем ше?


— Онда осы жерде өлем. Сонда сен бүкіл Самарқан мен бар аймаққа масқара боласың.


— Түк те масқара болмаймын. Сенің мәйітіңді ең қымбат кебінге орап, Құран оқып жерлеуге бұйрық етем.


— Ей, — дейді Әпенді, — кебініңді қазір бер, ал мені кебінсіз-ақ жерлейсің. Бай не дерін білмей, мысы құрыпты. Сөзден ұсталған ол кебінге үндінің жұқа матасын беріпті. Ал Әпенді болса, шәйі матаны базарға сатып, жыл бойына үш есе етіп өндірген екен.





Пікір жазу