24.08.2021
  295


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Кәрібоз

Бұрын біреудің Кәрібоз деген жүйрігі болыпты. Кәрібоз құнанынан бастап қартайғанға дейін рулы елдің ішінде болған ірілі-уақты барлық тойда алдына ат салмаған жүйрік аталады. Кәрібозды көріп талай той иесі бәйгесін шаппай беріпті. Кәрібоз қартайып, алжыған шағында Салторының атағы жайылады. Салторы көмбеден ат шыққан жерде-ақ, суырылып алдына шығып, сол күй шаңын көрсетпестен көш бойы бұрын келеді екен. Кәрібоз қырық жасқа келіп, жүрісінен жаңылып, қырқылжың тартқанда бір үлкен той болып, бәйгеге Салторы қосылады. Сағымдай сылаңдап, шұлғып басып, ауыздықпен алысып кетіп бара жатқан бәйге аттарын көрген Кәрібоз өрістену шапқан күйі иесінің үйіне келеді де, жабыққа басын салып, тықыршып тұрып алады. «Қасиетті жануарым алжыған екен», деп ойлаған иесі Кәрібоздың тықыршығына төзе алмай: «Тағы бір шауып келгісі келіп тұр ма?» дейді де жүгендеп, бір баласын мінгізіп, бәйгеге кеткен қалың аттың соңынан қоя береді. Үйден шыға құйғыт жөнелген Кәрібоз ілезімде-ақ бәйге аттарды қуып жетіп, қатарға қосылады. Аттар межелі жерге барғаннан кейін
қайтарылады. Салторы дағдылы әдетімен ә дегеннен-ақ оқ бойы атылып шығып, көпке дейін алдына ат салмайды. осы сәтте:


— Мен бекерге жарыспан,
Мен қалғам жоқ жарыстан.
Алыспан да, салыспан,
Салторыдан қалыспан, —


деп Кәрібоз да топ ортада келе жатыпты. Қыза шыққан Кәрібоздың қадамы қарыштай түседі. Сөйтіп, көмбелі жерге Кәрібоз Салторыдан бұрын келеді де, келе сап пышаққа ілінеді. Тойға жиналғандар «Қасиетті жылқы еді», — деп Кәрібоздың етін бір-бір жапырақтан бөліп алады.





Пікір жазу