24.08.2021
  147


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ишанның айтқаны

Мал союға қатаң тиым салынған шақ. Ол кезде өзі бас болып, Ишан базардан қара құнажын сатып алып келіп, төрт үй бірігіп сойып алады. Мұны естіген жергілікті белсенді:


— Ишан мен қара құнажынның терісін тез тауып алып кел, — деп кісі шаптырады.


— Қонағым бар еді, соларды жөнелтіп, кешікпей өзім барармын, — деп уәде етіп шығарып салады.


Белсенді жұмыс аяғына дейін күтеді, бірақ Ишан жоқ. Әбден ашуланады. Бір заматта арқаланып Ишан да келеді.


— Ишан-Ишан дегенге әбден құтырынып болдың-ау, — деп айғайға басады, ашу қысқан белсенді, — неге келмейсіз шақыртқан уақытта?


— Бастық жолдас, жіберген кісің маған «мал сойған қылмыстыларды тауып, сойылған малдардың терісін жинап әкел» деп түсіндіреді. Соған бола қаланы бір емес, үш айналдым. Япырмай, мына халықтың тазасын қайтерсің, мен сойған қара құнажын мен сен сойған қара қойдың терісінен өзге ештеңе болсайшы, — деп Ишан екі теріні шолақ белсендінің алдына тастай береді. Өз қылмысы да әшкере болған әлгі белсенді үнсіз қалыпты.





Пікір жазу