24.08.2021
280
Жұма күні бұл үйде не сен тұрасың, не мен тұрамын
Қожа жер ортасынан асқан жаста бәйбішесімен бірге жатпай, бөлек жатуды шығарыпты. Мұны бәйбішесінің жақтырмай жүргенін қабағынан байқаған Қожа бір күні:
— Ренжіме, қатын, жұма күні бірге жататын болайық. Бірақ мен жұма күнін ұмыта беремін, — дейді.
Қожа сөзін бәйбішесі құптап:
— Керегеде ілулі тұрған сәлдеңді жұма күні мен жүктің үстіне қояйын, күн жұма екенін содан білерсің, — дейді.
Бәйбіше сәлдені жүктің үстіне қоюды жиілетіп жіберсе керек. Соны сезген Қожа бір күні жүктің үстінде тұрған сәлдесіне қарап:
— Жұма күні бұл үйде не сен тұрасың, не мен тұрамын. Сен жүктен түскенше, мен есегімнің қасына барып жата тұрам, — деп үйден шығып кетіпті.