Жолаушы
Бәзғаламның әкесі Айқынбаймен бірге туысқан Қажыке молланың кенже ұлы Ергенбай оқытқан дін сабағына қанағат етпей, 1919 жылы үлкенірек ғұламадан дін оқуын оқымақ болып Дөрбілжін ауданына барады да, сұрастырып жүріп Мүсейінбай деген ұйғыр молланы тауып соған жалданады. Оқып жүргенде Тұрпаннан бір топ саудагерлер келеді. Ергенбай олардан «Тұрпанда жеті әулие» деген үлкен медіресе бар
екендігін ұғады да, қожайынымен келісіп, сол медіреседен оқу үшін соларға ілесіп жолға шығады. Туыстарының жібермей қоюынан алаңдап, елден ұзап кеткен соң, Дәм өңірінен өткенде кезіккен бір ел адамынан ағасы Ерданға хат жазып, өзінің оқу іздеп Тұрпанға кеткенін хабарлайды. Содан үш жыл өткенде оқуы бітіп, сол жерге мұғалім болып қалғандығын хабарлап хат жазады. Өтеп руынан шыққан Лақ рубасы бұдан хабар тауып, игі жақсылар бас қосқан бір жиында бұл жайды айтып, уақ елінің зәңгісі Темірхан бастаған ел ағалары Ергенбайды елге алып келуге ағасы Ердан молланы аттандырады. Ол наурыз айында аттанып, үш-бес күн дегенде Тұрпанға жетеді. Інісі атын Омар қариға өзгертіп, үйленіп алған екен. Сол медіресені басқаратын Нияз деген шаңяға жалынып жүріп, әйелінен ажыратып алып қайтады. Жолай Сауан ауданына жеткенде оларға Нұрпай батыр кезігеді. Батыр таныса келе екеуіне екі ат мінгізіп қайтарады. Екеуі Шөгей өңірінде рақадыл деген ауқатты ауылдың қорасында етік тігіп, өрімшілік істеп отырған немере туысы Бәзғаламның үйіне келеді. Бәзғалам әңгіме үстінде: «Біздің туыстардың ішінде сен екеуіңдей ұзақ әрі киелі жол басқан жолаушы жоқ, сондықтан көптен бері ойлаған бір күйім бар еді», — деп «Жолаушы» күйін арнайы шертіп берген екен.