24.08.2021
  136


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жиренше туралы (ІІІ нұсқа)

Жиренше мұнан соң бір нашардың қызын алған. Оны да сынап алыпты. Әкесі мен шешесі қайыр сұрайтын қара қасқа кедей екен. Соның он екі жасар жалғыз қызы. Қыз үйінде жалғыз отырғанда Жиренше үйіне барып қыздан:


— Әке-шешең қайда кетті? — деп сұрағанда, қыздың берген жауабы:


— Алақандай бетін жұдырықтай нанға сатқалы кетті, — деді.


— Жуырда келе ме? — деп сұрағанда қыздың берген жауабы:


— Қайдан келсін. Толмасты толтырамын, тоймасты тойдырамын деп тірі болып кіріп, өлі болып шығамын деп кетті, — депті.


— Жуырда келмейтін, толмайтын алып кеткен ыдыстары үлкен бе еді? — дегенде:


— Жоқ, ағатай, екеуара үш ыдыстары бар еді. Біреуі тырнақтың көлеміндей, бірі — шұрқылтайдың ұясындай, бірінің жергілікті түбі жоқ еді.


«Тырнақтың көлеміндей» деп көздерін айтқаны екен. Көз қанша нәрсені көрсе де өмірінде тоя ма? Бір топырақтан басқаға тола ма? «Шұрқылтайдың ұясындай» деп жұтқан тамақтарын айтқан екен. «Жергілікті түбі жоқ еді» деп қанағатсыздықты айтқан екен. Жиренше шешен қызға айтады:


— Әке-шешең жуырда келмейтін болса үш ауыз сөз сұрайын, дұрыс жауап беретін болсаң.


Қыз айтады:


— Сұраңыз, ағатай! Білсем, айтармын. Білмесем, басты шайқармын.

Шешен айтты:


— Ауырда не ауыр, қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті? — дейді. Бұған қыз іркілместен жауап берді.


— Ауырда жылқы ауыр, қаттыда ғаріпшілік қатты, тәттіде ерлі-байлы кісінің арасының мұхаббаты тәтті, татулығы тәтті, — деді қыз. Онда шешен айтты:


— Бұл айтқан сөздеріңе дәлел керек, — дегенде: — жылқы ауырын қайдан білесің, ғаріпшілік қатты екенін қайдан білесің, ерлі-байлы кісінің мұхаббаты, татулығы тәтті екенін қайдан білесің? — дегенде, қыздың берген жауабы:


— Біздің мынау отырған ханның үйінің жүз қаралы түйесі бар. Біздің үйдің сыртынан өріске қарай жайылуға шығады. Жалғызының тықыры естілмейді. Кешке таман арталмай, тарталмай үйге келгенде, қойны-қоныштары олжаға толып, өздері әбдан көңілдегілеріндей болып келеді. Сонда да масайрап қуанып, бір жарқылдап күлмейді. Кісіден тіленіп алғаның, «бүйтіп дүние жиғаның құрсын» деп үп дегенде жүрегі қарс айрылып, еңірегенде етегі толады. Ғаріпшілік қатты екенін осынан білемін деді. Ерлі-байлы кісінің татулығы тәтті екенін білетінім, әкем менен шешем төсекке жатқанда екеуі мені ортасына алып жатады. Ертең түрегелгенде мен бір жақтан түрегелемін, екеуі бір жақтан түрегеледі. Ерлі-байлы кісінің мұхаббаты, татулығы тәтті екенін осыдан білемін, — деп сөзін аяқтайды.


Ақырында осы қызды алады. Жиренше алты «ат мінсең, ауыңнан» дегендей қатын жағынан салымды, бақты Жиренше болды. Сұлуға құмар болғанда әз Жәнібек құмар болады. Оның өлімі ұрғашының сұлулығынан болды. Әз Жәнібектің бір сұлу тоқалы мен бір байдың баласы үйір-шүйір болып, Жәнібектің бір құлына көп алтын сыйлап, Жәнібекті алтынға сатып осы құл өлтіреді.


Дүниенің басы — анау, аяғы — мынау, су аяғы құрдым бар сонымен. Ешкімнің қолына, басына мәңгі тұрып қалмайды.





Пікір жазу