24.08.2021
  149


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жиренше

Күндерде бір күні әз Жәнібек хан Жиренше уәзірмен ойласып, халықты ренжітпей қаражат жинауға салықты қандай жолдармен, кімдерге салса орынды болатын жағын қарастырып кеңесіпті. Ханның қол астындағы халықтардың ішінен тек үш түрінен жиналса, заңды болар деп тауып, (дәлелсіз жұрттың бәріне салық салынса, халық ренжір деген мақсатпен) қарауындағы барлық сақалы қара, шашыақтарды, сақал, мұртсыз көселерді кезекпен үш дүркін, бөлек-бөлек шақырып, олардан не себепті жаратылыста осындай өзгешеліктері болған себебін сұрап, сауал беріп, олардың жауабы заңды болмаса, айып ретінде бас-басына салық салып өндіруге, әгар да тұрарлық дәлел тауып құтылып кетсе, қазынадан сыйлық ретінде ат мінгізіп, шапан кигізіп қайтаруға ұйғарады.

Әрине, ханның қол астындағы көп халқынан жоғарыдағы айтылған (үш түрлі пормалы) адамнан аз жиналмайтынын хан мен уәзір жақсы білсе керек. Жана да олар берілген сұрақтарға тұрарлық жауап табалмай, бәрі де айып тартып қалады деген үмітті сенімде болады.


Сонымен әз Жәнібек хан бір апта бұрын «қол астындағы халықтың барлық сақалы қара, шашы ақтары қалмай жиналсын!» деп жарлық тартады. Келмегендердің басы өлімде, малы талауда болатынын ескертеді.


Ханның қарауындағы хабарланған сақалы қара, шашы ақтар неге шақырылғандарын жана не деп жауап беретіндерін білмей, сасқанынан барлығы бастарын тосып жиналып, Көсеге келіп ақыл сұрапты. Құзғынның ұлы Көсе оларға:


— Хан менен Жиренше менің досым емес. Сендерге ақыл үйретсем, олар шағымданады. Менің үйреткенімді естісе, аяусыз жазалайды. Сендер біреуге айтып қоясыңдар, — деп мықтап пісенттейді.


Сақалы қара, шашы ақтар Көсеге көп жиналып:


— Не тілегіңді берейік, осыдан аман құтқар, — деп кетпейді. Ақырында Көсе олардан:


— Сыртқа ешкімге сыр білдірмеңдер, ауыздарыңа берік бол! Маған да еш нәрсе бермеңдер! Бірақ ханның сауалына берілген жауаптарың тұрарлық болғаннан кейін қан ылажсыз сендерге сыйлық берер. Маған тек сол ханның сыйлығын берерсіңдер. Жандарыңнан еш нәрсе бермей-ақ қойыңдар! — деп, ханның сауалына былай деп жауап үйретеді:


— Хан сендерді жинап алып: «Сақалдарың қара, шаштарың ақ, жұрттан ала-бөле сендер не пейілдеріңнен таптыңдар?» — деп қаһарланып сұрар дейді. Сонда сендер: «Сақалымыз жиырма беске келгенде шықты. Шашымыз сақалымыздан жиырма бес жас үлкен. Сондықтан енді жиырма бес жылдан кейін шашымыз да ағарады, тақсыр, деңдер!» — депті. Сөйтіп ханның берген сауалына Көсенің үйреткен жауабы толық болып табылып, хан сыйлық ... қылыпты.

Сауалдан ұтылып, зиянданған хан тағы да бір күні енді сақалы ақ, шашы қараларды жинап, сауал сұрау туралы жарлық таратып шақырыпты. Бұл пормалы топтың адамдары да сасып, Құзғынның ұлы Көседен ақыл сұрап, алдыңғылардың жолымен оларға да Көсе былай деп үйретіпті.


— Хан сендерді жинап алып былай деп сауал сұрар: «сақалдарың ақ, шаштарың қара жұрттан бөлек не жағдайға ұшырадыңдар?» дер. Сонда сендер:


Қатын шалпы, бала жас,
Кем болды киім, ішерге ас.
Тістенуменен ағарды
Сақал мен мұртым аралас, —


деңдер, — деп Көсенің үйреткен қалыбынша шақырылған күні жиналған сақалы ақ, шашы қаралар ханның берген сауалына тиісті, жоғарыда көрсетілгендей жауаптарын беріп, аман-сау құтылады. Бұлардан да сауалдан ұтылған хан лажсыз тиісті сыйлықтарын беріп таратады.


Құзғынның ұлы Көсеге сақалы ақ, шашы қаралар да ханнан алған сыйлықтарын түгел әкеліп беріседі.


Енді үшінші топтың адамдары сақал-мұрт шықпаған көселерді жинап, сауал сұрауға хан жарлық таратып, олардың да барлығын жоғарыдағылар сияқты бір күнге жинап шақырады. Ханның қарауындағы барлық көселер сасып, ақыл сұрауға Құзғынның ұлы Көсеге келеді. Оларға Құзғынның ұлы Көсе айтады:


— Мен де сендермен қатар шақырылып отырмын. Көселер туралы ханның берген сауалына өзім жауап беремін. Сендер тыныш отыра беріңдер. Бірақ ханның сауалынан құтылып, сыйлық алсақ, одан дәме қылмай маған берерсіңдер! — деп көселерді тыншайтады.


Ханның жарлығы бойынша барлық көселер шақырылған күнге жиналып келгеннен кейін, хан оларды қатар отырғызып, былай деп сауал сұрайды:

— Сендер жаратылыстарың ер, пормаларың әйел сияқты. Сақал жоқ, мұрт жоқ. Жұрттан ала-бөле көселік жағдайды не пейілдеріңнен таптыңдар? — дейді. Сол кезде отырған көп көселердің ішінен Құзғынның ұлы Көсе түрегеліп, ханнан рұқсат сұрап, сауалына былай деп жауап береді:


— Әкем қарт, шешем жас болды. Киімі жыртық, тамағы аш болды. Шешемнің күшінен әкемнің күші пәс болды. Сондықтан бөксем әкеме, кеудем шешеме ұсап, сақал менен мұрт шықпады, тақсыр! — депті. Мұны естіп отырған көселердің бәрі де қостап: «Бәріміздің жағдайымыз солай», — деп шуласыпты. Қисынды жауаптан хан тоқталып, көселерге тиісті сыйлық, зияпаларын беріп, Әз Жәнібек хан менен Жиренше шешенді Құзғынның ұлы Көсе олардың берілген сауалдарына дәлелді жауаптар тауып қайтарып, сөзден кідіртіп ұтқандықтан, олардың ертегі сөздері мысал ретінде халық аузында бірден бірге үлгі болып қалған бір көне әңгімелердің жұрнағы болып көрінеді.





Пікір жазу