Жеті атым
Өзі кедей, өзі сыбызғышы Делдал деген адам болыпты. Делдалдың бірінен-бірі өтетін жүйрік жеті аты болады. Бір күні жеті ат ұры қолына түседі де, жеті жүйрікті ұрылар алып кетеді. Жеті атын іздеп шыққан Делдал бүкіл елді араласа да, жеті атын таба алмайды, қай жақтан келген ұрыларға қолды болғанын да білмей тарығады. Жүре-жүре дымы құрыған Делдал иен далада жалғыз торығып отырады да, беліне қыстырған қурай сыбызғысын қолына алып, өзінің осы өкінішті қалін сыбызғыға түсіреді. Тағы да ел аралап аттарын іздейді, енді сыбызғысын тартып, жаңа күйін көпшілікке естірте жүріп іздейді. Ел аралап бейсауат жүрген, сыбызғыдағы зарлы күйін тоқтатпай тартып, торығып жүрген Делдалдың әрекетіне таң болған төре сырын білу үшін шақыртып алып, жайын сұрайды. Делдал барлық жағдайды айтады. Сыбызғышының мүсәпір халін көріп жаны ашыған, өнеріне рахмет айтқан төре жан-жаққа кісі аттандырып, оның атын ұрлағандарды тауып әкелуді бұйырады. Жан-жаққа аттанғандар елді аралап жүріп жеті атын ұрлаған ұрыны тауып, атпен қоса алып келеді. Төре жеті атты Делдалға қайтарып береді. Сол Делдалдың жеті атын іздеп жүргендегі күйі «Жеті атым» деген күй екен.