Желмая (І нұсқа)
Қорқыт есейіп, бәсіре байланар жасқа келгенде Қыпшақ еліндегі нағашыларына барыпты. Нағашылары Қорқытқа «таутайлақтың» тұқымынан өркені түскен бота сыйлайды. Қорқыт ботаны нәрестедей мәпелеп, тіл-көзден қорғаштап, сылап-сипап өсіреді. Тірсегі бекіп, табаны қата келе бота Қорқыттың соңынан қалмай ілесіп, бір сәт көз жазса боздап мазасы кетеді екен. Тайлақ болып, танауы тесілген соң да не келеге қосылмай,
не бөтен адамды маңайына жолатпай, тек қана Қорқытқа бауыр басып өседі. Тайлақтан кейін құнанша, одан әрі буыршын болған шағында жүрісіне тұяқ біткен шыдамайтын, табаны мұздан таймайтын, жеті күн, жеті түн от оттап, су ішпесе, мыңқ етпейтін, тықыр бұйра Желмая болып шыға келеді.
Қорқыттың «Желмая» күйі осынау қанатты көлігіне, сенімді серігіне арналған екен.