Жауыр мен Тайлақ
Шығыс Қазақстанда терістаңбалы деген елде Тайлақ деген атақты қу, сөзге шешен адам болған. Тайлақ:
— Өмірде мені жеңген адам жоқ. Ал өтемісте Жауыр деген қу бар деп естимін. Оны да ешкім жеңбепті. Мен сонымен сөйлесіп, не жеңіп, не жеңіліп қайтайын, — деп, іздеп барып Жауырдың үйіне қонып отырыпты. Төрде Тайлақ отыр. Үй іші кешкі малға шығып кеткен, үйде екеуі ғана.
Жауыр сөзбен тиіскісі келіп, Тайлаққа:
— Сенің атың кім?
— Атым — Тайлақ.
Жауыр: — Сен алдыңғы жылы да Тайлақ, былтыр да Тайлақ, биыл да Тайлақ. Сенің құнан, дөнен, атан шығар жылың бар ма?
Тайлақ: — Сенің атың кім? — деді.
Жауыр: — Менің атым — Жауыр.
Тайлақ орнынан тұрып, от басына барып, шоғы аралас қоламтаны қос уысымен шеңгелдеп алып, Жауырдың қасына келіп:
— Сен алдыңғы жылы да Жауыр, былтыр да Жауыр, биыл да Жауыр. Сенің жауырың өлі еттеніп кеткен болар, мен ыстық қоламтамен күйдірейін, — деп желкесіне құя салған екен.
Сөйтіп, өмірінде Жауыр қуды жеңген тек Тайлақ болған екен.