24.08.2021
299
Ешкі терісінің құны
Ертеде Малбағар деген шаруа болыпты. Ол ауылдан алты қадам асып көрмеген момын адам екен. Сол кісі көршісі Нұрбайдың қалаға баратынын естіп, сонда келіпті. Ол бір ешкінің терісін көршісінің алдына тастай беріп, былай депті:
— Нұреке, Құдайы көрші едік. Жортқанда жолың болсын! Қалада тері ақша болады деп естимін. Мынау жаздыгүні Қанышжанды сүндеттегенде сойған ешкімнің терісі еді. Алдымен осыны ақшаға сат. Біздің үйде бойжеткен баланың барын білесің ғой. Соған шапандық, қамзолдық барқыт керек. Өзіме насыбай шақша, жалбағай ескер. Кемпіріме көйлек, жаулық аларсың. Одан артылғанда артық-ауысыңа шай-қант, балаларға базарлықты да ұмытпағайсың, — депті.