24.08.2021
  152


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Естай

Естай әнші қартайғанда жолы түсіп Маралды жағына барады. «Естай келіпті» дегенді естіген ел әдеттегідей жиналып отырып, одан ән айтуды өтінеді. Естай жайлап «Жай қоңырдан» бастап бірнеше әнін орындап береді.


— «Қорлан» деген әніңіз айтылмады ғой, — дейді таяу отырған ақсақалдың бірі.


Естай қомданып, орнынан қозғалып, қайта отырып, домбыраның құлағын сәл көтеріп, халық қалаған әнді шырқап жөнеледі. Ән аяқтала бергенде, отырғандардың ішінен бір әйелдің шығып бара жатқанын байқайды.


Бұл жайды барлап қалған қарияның бірі Естайға шығып кеткен Қорлан екенін айтады. Оны ала көлеңкеде көп ішінен байқамағанына қатты қысылған әнші сол қалпында үнсіз отырып қалған екен. «Қартайғанда бір ұялғаным-ай!» деп кейін өзі өкініп айтып жүріпті.





Пікір жазу