24.08.2021
  295


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Елдің иесі, жердің киесі болады (І нұсқа)

Төле бидің туған жиені Ескелді он алты-он сегіз жасар шамасында осы нағашысының ауылына барады. Сол кезде «Сабалақ» аталып кеткен балаң жігіттің түйе бағып жүрген кезі екен. Бәрі бас қосып отырған бір сәтте сол Сабалақ Төле биге қарап:



— Ұлы би, менің де қалмаққа қарсы аттанатын кезім жеткен сияқты. Маған батаңызды беріңіз — депті. Сонда Төле би:


— Болат кездік қын түбінде жатпасын білгенмін. Жолың болсын, бара ғой! — деп батасын береді.


Кетіп бара жатқан Сабалақты Ескелді тоқтатып:


— Батыр, мыналарды есіңе ұста, — деп төбесіндегі тақиясын көтеріп басына екі соғады, белбеуін шешіп жоғары көтереді де, тілін шығарып, қолын бұлғайды. Сабалақ басын изеп шығып кетеді. Жауына тұтқиылдан шапқан Сабалақ жаудың бетін қайтарғанымен, олардың бекінісін ала алмайды. Қалың қолдың еңсесі түсіп, қайтпақ сыңай танытады. Сонда Абылай:


— Төле бидің жанында отырған балаң жігіт маған ақыл айтып еді, соны орындасақ, бұл қамалды алып қалармыз, — дейді.


— Ол қандай ақыл?


— «Қалмақтың бекінісі мықты. Бірінші рет ала алмассың, екінші рет шап. Жай шаппа, белбеуіңді ту ғып көтеріп, «Абылайлап» шап!» деген еді. Одан кейін аузын ашып, тілін көрсеткені — «бекініс алынар, бірақ тіліңе ие бол, ешкімге-тіл тигізбе» дегені. Қазақ, қалмақ әуелде бір туысқан. «Елдің иесі, жердің киесі болады» деген, аузыңа абай бол деп еді.


Осыны айтқан Сабалақ белбеуін ту етіп «Абылайлап» ат қояды. Қайта шабуылды күтпеген қалмақ жағы жеңіліс тауып, қамалдың қақпасын ашады. Сабалақ (Әбілмансұр) осыдан былай Абылай атанып, кейін хан сайланады, Ескелді би бас уәзір болады...





Пікір жазу