24.08.2021
  147


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Е-е-е, таптым, таптым

Бір күні әйелі Қожаға ақша беріп:


— Базардан қап сатып әкел, — дейді. Қожа жарықтық әйелінің айтқанын екі еткен бе, базарға қарай томпаңдап жөнеледі. Базардан сатып алатынын ұмытып қалмау үшін жол бойы «қап, қап» деп келе жатады.


Жолда бір үлкен арық кездесіп, арықтан аттап өте бергенде, Қожа «әуп» деп қалады. Енді аузына түскен «әупті» қайталап айтып, ары қарай жүре береді. Базарға келген соң «не сатып алуым керек?» деп ойлап қараса, әйелінің жұмсаған жұмысы «әуп» емес сияқты. Жүгіріп әлгі арықтың жағасына келіп, жоғын іздей бастайды. Сол кезде жанынан өтіп бара жатқан біреу:


— Қожеке, не іздеп жүрсің? — деп сұрайды.


— Жаңа осында ақшам түсіп қалып, соны іздеп жүрмін, — дейді Қожа.


Ақшаға қызықпайтын пенде бола ма, ана кісі де атынан түсе қап, іздеуге кіріседі, бірақ еш нәрсе таба алмайды. Бір кезде ол:


— Қап, жолымнан қалып, бекер-ақ іздеген екенмін, — деп аттана бастайды. «Қапты» есітуі-ақ мұң екен, Қожа:


— Е-е-е, таптым! — деп базарға қарай жүгіре жөнеліпті.





Пікір жазу