Доспен әңгіме
Әпендінің досы көрші қаланың билеуші әкімі болып сайланыпты. Біраз уақыттан кейін Әпенді досына жолығуға барады. Досы дастарқанға көл-көсір тамақ қойып, қонағына сұрақты қарша жаудырады. Әпенді не тамақ жерін, не сұраққа жауап қатарын білмей, асып-сасып отырады.
— Біздің үйдің хал-ахуалы жақсы ма? — дейді әкім.
— Өзіңізде бәрі де жақсы, Құдай жарылқап тұр, — дейді
Әпенді.
— Ұлым қалай екен?
— Тамаша.
— Әйелім ше?
— Айтары жоқ.
— Өте жақсы, тіпті үйге жан жолатпайды.
— Атым ше?
— Жақсы, сондай керемет атқа жұрттың бәрі қызығады.
Қарша бораған мылжың сұрақтарға Әпенді әбден мезі болыпты. Алдына қойған неше түрлі дәмді тағамдарға қарап, сілекейі шұбырып барады. Үй иесінде дамыл жоқ.
— Итім жүдеп қалмап па екен?
Әпенді досына қырсыға жауап қата бастайды.
— Мен жүретін күні өліп қалды, — дейді ол қулана.
— Неден өлді екен? — деп аң-таң болады досы.
— Атыңның сүйегіне қақалып өлді.
— Атым да өлді ме? Неден? — деп қорқып кетеді досы.
— Сенің әйеліңнің мәйітін мазаратқа тасимын деп зорығып өлді...
— Не деп тұрсың? Әйелім де қайтыс болды ма? Қалайша?
— Қайғыдан қайтыс болды. Баласына қатты қайғырамын деп.
— О, құдіретті күшті Құдайым! Ұлыма не болды менің? Оның да өлгені ме?
— Иә, үйің құлағанда, қабырғаның астында қалды ғой.
— О, Құдайым, менде ештеңе қалмапты. Үй қираған, әйел мен ұл өлген, ат та, ит те жоқ!..
Қатты қайғырған Әпендінің досы етпетінен түсіп, солқылдап жылай бастайды. Осы мезетті пайдаланған Қожа тамақтарды өзіне жақын қойып, емін-еркін қомағайлана жей бастаған екен.