24.08.2021
  240


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Данышпан Аяз

Жәнібек хан бір күні халықтың бір үлкен жиылысында сауал қылыпты: «Ең жаман адам кім? Ең жаман һәм ең жақсы жер қайсы? Ең жаман қандай шөп? Ең жаман қандай құс?» Халық көп кеңесіп, бәрін де шешті. Бірақ басқы сауалына жауап бере алмады. «Ең жақсы жер де, ең жаман жер де — базар. Базардан кісі бай да, құры да шығады. Екеуі бірдей болады, — дейді халық, — Ең жаман шөп жеуге де, отынға да жарамайтын қоға», — деген халық үшінші сауалына. «Құстың жаманы — көкек, себебі өзі ұя салмайды һәм баласын өзі асырамайды», — десті. «Қандай адам жаман?» деген сөзге әр қайсысы әртүрлі айтып, ешбіреуі таба алмады. Біреуі «адамның жаманы ақсақ» дейді, екіншісі «соқыр» дейді. Һәм әрқайсысы әртүрлі кем-кетік адамдарды айтқан. Халық көп таласты бұл турадан. Таластың ақырына жететін көрінбеді. Сол уақытта көптің ішінен бір үсті-басы кір, жыртық Аяз деген қайыршы шығып, Жәнібек ханға айтты:


— Ұлық алдияр, ханым! Күн көктен елдің бәріне қандай нұрын түсіріп жатса, сіздің әділшілігіңіз де сондай болып тұр өз қол астыңыздағы халқыңызға. Мен бейшара құлыңызға ұлықсат қылыңыз халыққа берген сауалыңызға жауап айтуға. Ханның құлағы өзіне қараған жұрттың сөзін есітуге ғашық болса керек:


— Айт сөзіңді, Аяз, — дейді хан.


— Мен айтсам, ең жаман адамды ақсақ, соқыр, кем-кетіктің ішінен таба алмаймыз. Сіздің патшалығыңыздағы халықтың ішінде олар ең пайдалы адамдар болуға да мүмкін. Ақсақ, соқыр болғанына олар жазалы емес. Үлкен патшалық жұртыңыздағы ең жаман адам — менмін.


— Ол не себептен? Мәнісін айт! — дейді хан бұған таң қалып, сонда Аяз айтты:


— Мен кедейлікте туған едім, жоқтықта өстім. Ер жеткен соң жұмыскер болып, әуелгі кезде өзіме тамақ, киім түгіл, ақша да тапқан едім, артынан біраздан соң жалғыз-ақ өзіме тамақ табуға шамам келмей, қайыршы болдым. Бұған да жарамадым, биттеген, құрттаған, далба-дұлба болып үсті-басым. Қаңғырдым, дүние жүзінде ешбір тоқтауға панам болмады. Міне, ешкімге керексіз, дәнемеге жарамайтын, залалдан басқа пайдам жоқ менен жаман адам болмас. Айналадағылар сөзін қойып, үндемей тұрды. Хан ойлаған:


— Сен бүтін ел таппағанды шештің, сол үшін сені мен өзіме уәзір қыламын, — дейді хан. Халық бұған таң қалды, әсіресе ханға жақын ұлықтар көре алмады, ең жаман Аязды бәрінің алды қылғанға. Бір жылдай өткен. Аяз ханға уәзір болған соң, үлкен ақыл, һәм білім көрсетті. Хан Аяздың тілін алып жақсы көрген. Халыққа әртүрлі кәсіп ашып, жаңадан халыққа тиісті түр шығарған. Халық жылдан жылға байып, әділдік тапқан һәм ханға жұрт мұндай данышпан әділдік қылығына бек разы болып рахмет айтысты. Уәзір күннен күнге жаһат етіп, жұрт оны күн сайын жақсы көрді. Бірақ ханға таяу адамдар көре алмады, өшікті Аязға. Ешбір талапсыз, білімсіз ханның бұрынғы адамдары өз білімімен жол тапқан Аязға қастық қыла бастады. Аязды жамандап, қылмағанын қылды деп ғайбаттады. Ақырында ханды нандырды, өз тілін алғызып, айтқанын қылғызып істі өз қолына алып, өзі хан болғалы жүр деп. Хан көпке шейін нанбады, ақырында нанып Аязды түсірді орнынан, өзінің бір сенімді адамынан айрылғанын білседе.


Әр күні қасында нөкерлері бар Жәнібек хан ой ойлап жүгініп отыр екен, уәзірлері қасында ханның не айтарын күтіп тұрған. Сонда хан бұйырған оларға: «Менің осы күні ойлаған ойымды тап!» — деп. «Ертеңге дейін таппасаң, бастарыңды аламын!» деген. Уәзірлері қорқып не қыларын білмей, кеңес құрды ханның жұмбағын табуға. Қалай ойласа да, ханның не ойлағанын таба алмады. Ақырында анау күнгі жамандап шығартқан Аяздан сұрады ақылды. Жанның тәттілігі кішірейтіп, жек көрген кісісінен ақыл сұратты. Аяз әуелі жауап бергісі келмей, артынан аналардың адамдығы кетіп сасып тұрғанын көріп жауап берді.


— Сендер маған айтыңдар, сендерден сұрағанда хан қалай отыр еді? — дейді Аяз, — Егер де хан аяғын астына басып отырып сұраса, тағын өзгерт дегені, жоғары қарап жатқан жерінде сұраса, сарайды өзгерт дегені. Тізесінен отырып сұраса, жақсы арғымақ керек болғаны, — дейді
Аяз оларға. Уәзірлері бұған қуанып келіп уақытында ханға жауап берген еді. Хан мұны тапқанына таң қалып, оларға айтты:


— Сендер өздерің тапқан жоқсыңдар, сендерге мұны кім үйретті? — деп. Бұларға кім екенін айтпасқа болмады. Аяз екенін айтты.


— Міне, сендер оны жамандаған едіңдер, ол сендерді өлімнен алып қалды. Аяз сендерден ақылды, уәзір болуға сендерге емес, оған лайық, — деп хан Аязға бұрынғы орнын берді. Аяздың дұшпандары тағы көбейіп кеткен. Ақымақ, ештемеге әлі келмейтін адамдар көбінесе жақсыны көре алмай, ақылын, білімін іске жүргізе алмай шағыстыруды һәм ғайбатты жүргізеді әр қайда. Ақылы артық адамды олар жек көреді. Аяз турасынан да болды солай, ханды азғыруға олардың тағы халі жетіп, Аяз орнынан түсірілді тағы да.


Бір күні аңға хан аулауға келе жатып уәзіріне: «Таппасаңдар, бастарыңды аламын!» деп мынадай сауал берді: «Терісін алсаң, қан шықпай тірі қалатын қырық жанды нәрсе көрсетіңдер!». Уәзірлері кеңесіп-кеңесіп еш біле алмай, тағы Аязға келген: «Солай-солай дейді хан, бізге бір
жәрдем көрсет, пәледен құтқар» деп жылап өзіне қылған жамандығын ұмытып. оларға жылап тұрған соң жаны ашып Аяз айтты:


— Неше кісі қасында еді хан мұны сұрағанда? Сол арада санаса, аң аулағанда қасында қырық кісі екен.


— Олай болса, хан нөкерлерін жалаңаштап көргісі келген екен, олардың киімін шешіп алса, өлмейді, тірі қалады, қан да ақпайды, — дейді Аяз. Министрлері ханға келіп айтқан әлгіні һәм оны Аяз шешкенін тағы айтқан. Аязды бекер жамандағанына хан уәзірлерін ұялтып, Аязды қайта министр қылған.





Пікір жазу