24.08.2021
  152


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бұраңдама, келіншек!

Қазанғап күйшінің өнері шартарапқа тарап белгілі бола бастаған шағы болса керек. Қайда барса да, елі құрметтеп қарсы алған ғой. Жылда жазғытұрым ауыл-елді аралап, күмбірлетіп күйін тартып, майын тамыза, әңгімесін айтқанда, күйді ұйып тыңдап отырған жұрт, өздерін таңғажайып сырлы дүниенің ішінде жүргендей сезінетін еді. Күйші әрбір ауылды жылда осылайша аралап шығатын. Әр сапарында сол ауылға жаңа күй, жаңа саз әкелетін. Бір жылы бұрынғы әдетінше аралап жүргенде ел шетінен алыстап, өзге өңірге шығыңқырап кетеді. Алда ел шығар, не де болса жүре көрейін деп ойлайды. Астындағы Бозжорға да өндіре аяңдап, жер апшысын қуырып келеді. Бір мезгілде, күн сәске түс болғанда алдындағы төбенің баурайынан екі-үш ақ шаңқан киіз үй көрінеді. Өзі де, астындағы Бозжорға да шөліркеп шаршай бастаған еді. Сол ауылға түстенуді ұйғарды.


Ортадағы әдеміше келген киіз үйдің сыртына тоқтап, қазықбауға атын байлай бергенде үйден алты-жеті жасар бала жүгіріп шығады. Қазанғаптың қасына келіп аман-саулықтан кейін, үйге қарай бастап ала жөнелді. Қазанғап ашық тұрған киіз үйдің есігінен «Ассалаумағаликум!» деп кіріп келді. Үйде отыздар шамасындағы келіншек бар екен. Сәл жымиып, «төрге шығыңыз» дегендей ишарат
білдірді.


Қазанғап төрге жайғасып отырғаннан кейін, таңдайы құрғап тұрғанын сезді де, келіншекке қарап: «Жүргінші жолаушы едім, сусыныңыз болмас па екен?» — деді. Келіншек сәл-пәл жымиды, сол жақта тұрған қоңыр күбінің бетін ашып, пісіп-пісіп жіберді де, ағаш аяқты толтыра құйып Қазанғапқа ұсынды. Күйші сіміріп жіберді де, кесені бірақ төңкерді. Шөлдеп келгендікі ме қымыз керемет тәтті болып көрінді. Келіншек кесені алды да тағы құйды, бұл жолы бағанағы кішкене балаға қарап, «Мына қымызды ағаға апарып бер», — деді. Бейтаныс жолаушыға қы-
зықтай қарап отырған бала ұшып тұрып, қымызды алып берді. Балаға «рахмет» деді де, қымызды бір-екі ұрттады. Келіншекке қарады да: «Қарындасым, қымызың балдай тәтті екен, шөлімді су сепкендей басты. рахмет!» — деді. Келіншек сәл жымиды да: «Жолаушы болсаңыз, хош келдіңіз! Жолдан шаршаған шығарсыз. Демалыңыз. Мен шай дайындайын», — деді де сыртқа шығып кетті. Қазанғап тысқа шығып, Бозжорғаны суытты да, үйге қайтып келді. Көпшікке қисайып еді, ұйықтап кетіпті. «Аға, шайға тұрыңыз» деген дауыстан оянды. Алдында құман ұстап қолға су құяйын деп бағанағы бала тұр. Сонда білді, ұйқысы қанып, тынығып қалыпты. Қонақ демалсын деп шайды әдейі кешуілдеткенін түсінді.


Үш-төрт кесе шай ішіп, маңдайы жіпсіп, көңіл хошы келіп, рахаттанған Қазанғап жөн сұрасты: қай ауыл, қай ел екенін білді.


«Шайыңыз бағана берген қымызыңыздан да дәмді екен, қарындасым», — деп Қазанғап өзін таныстырып өтті.


Бұл келген қонағының әйгілі Қазанғап күйші екенін келіншек бағана-ақ білген. Көрші елде Қазанғап күй тартып, өнер көрсетіп жүр екен деп естіген-ді. Ел аңыз етіп айтатын осындай атақты күйшінің өзінің ақ дастарханында қонақ болып отырғанына дән риза, келіншек өзі де өнерден құралақан емес-ті.


Қазанғап өз халқының тұрмыс-салтын өте терең білетін сұңғыла зерек кісі еді. Айнала көз тастады, үй-іші аса бай болмаса да, жып-жинақы сәнді екен. Керегеде екі домбыра ілулі тұр. Біреуі кішірек домбыра. Осы үйде жүгіріп жүрген, сүп-сүйкімді мына баланың домбырасы боларсың-ау деп ойлады. Байқайды, дастарханда әжептәуір сыйлы қонақ келгенде беретін тағамдар қойылған екен. Мұндай сый-құрметке көңілі толған Қазанғап, енді назарын келіншектің өзіне аударды, нағыз қас сұлудың өзі десе де болады екен. Өзінің әлі үйленбей жүргені есіне түсті. «Шіркін, осындай жарым болса», деп ойлады. Тап бір осы шақта ішкі сырды біліп қойғандай Қазанғаптың ойын келіншектің сөзі бөлді.


— Күйші аға, сіздің ел аралап жүргеніңізді естіп едік. Біздің жаққа келмейсіз. Жақсы өнерге біз де құмармыз. Айып етпесеңіз мына кішкентей да сіздің күйіңізді тыңдағысы келіп отыр, біз де өнеріңізді тыңдалық, — деді. Күлімсірей жымиып, наздана қарап, қолқа салды.


Көңілі толып, әбден риза болып отырған күйші қолына домбырасын алып, күй толқынын бірінен кейін бірін ал кеп ағытты дерсің. Ақжелеңдердің небір сұлулары бұлақ суындай асып, төгіліп жатты. Тұла бойын шабыт кернеген Қазанғап қанша уақыт күй тартқанын өзі де сезбеді. Бір сәт күй толастағанда келіншек: «Ой-бой! Шоғым сөніп қалған екен ғой!» — деп сыртқа қарай бет алды. Шығып бара жатып, артына күлімсірей қарап: «Пай-па-ай, шіркін, дүние-ай! осындай да саусақтар болады екен-ау!» — деді. Киіз үйдің сықырлауығы екі жаққа айқара ашылып қалды. Келіншек ошақ басына қарай бұрала басып кетіп барады. «Былқ-сылқ еткен жүрісі қандай әдемі еді», — деп ойлады Қазанғап. Сіз он саусақтан өнер тамған күйші болсаңыз, мен осы ауылдың қас сұлуымын, күйші болсаң, суретте осыны деп тұрғандай.


Келіншек ошақ басында әр нәрсені түрткілеп, күйшінің көз алдында көлбеңдеп жүріп алды. Біраздан кейін қып-қызыл шоғын алып, қайтып келді. Сонда күйші қапелімде төгілген шабыт толқынын тоқтата алмай сол көрініске арнап: «Қарындас, мынау: «Бұраңдама, келіншек» деген күйім болсын», — деп сол бойда әдемі бір сұлу күй шығарып тартқан екен дейді.





Пікір жазу