23.08.2021
  165


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бұлғақ тентек пен Қамбар төре

Қамбар төре аңнан қайтып келе жатса, астында шабан торысы бар, бір адам келе жатыр. Ол — Бұлғақ деген тентек еді. Ол келіп Қамбар төреге сәлем береді. Екеуі амандасып болған соң


Қамбар:


— Кімсің? — деді.


— Бұлғақпын.


— Қайда барасың?


— Қамбар төреге барамын.


— Не жұмыспен?


— Мырза деп естідім, ат мініп, шапан киіп қайтайын деп келемін.


— Қамбар ат, шапан бермесе, қайтер едің?


— Берсе де енесін ұрайын, бермесе де енесін ұрайын, — деді.


— Жарайды, Қамбардың ауылы — анау, бара беріңіз, — деп, өзі бұрылып кетіп, басқа жақпен үйіне келіп, аңшылық киімін тастап, хан киімін киіп алады.


Ертеңіне Бұлғақты алдырып, көрмеген кісідей жөн сұрап:


— Не жұмыспен келдің? — деді.


— Қамбар деген атағыңызды естіп, сәлем беріп, ат мініп, шапан киіп қайтайын деп келдім.


— Ат мінгізіп, шапан кигізсем, қайтер едің, бермесем, қайтер едің, — деді.


Бұлғақ:


— Берсең де кешегім, бермесең де кешегім, — деген екен.


Сонда Қамбар:


— Шын батыр, ер екенсің, — деп ат-шапан беріп қайтарыпты.





Пікір жазу