Бұлғақ тентек атанған себебі
Той-думанда біреулерге тілі тиіп, біреулермен төбелесіп, астындағы жалғыз атын айыпқа тартып, жүре береді екен. Ол ешкімнен қорқып, қаймықпайды. Өйткені болыс, бидің, старшиналардың тізесі батқан. Жуан таптарға қаны қас. Өзі — қарақасқа кедей.
Бір күні Бұлғақтың Сары деген кәрі әкесі қайтыс болыпты. Елге хабар айтар кісісі жоқ және бұл кедейге кім келеді. Жаздың күні, ел жайлауда. Бұлғақ қолына сойылын алып, әр ауылдың тұсынан «аттан, аттан, жау шапты, әкетті» деп, әр ауылдың жанынан шауып өтеді. Ол уақ жауынгершілік уақыт. Ел аттанып, қолдарына сойыл алып, жиналып, «қайда-қайдалап»,
Бұлғақ:
— Мұнда, былай кетті, — деп шауып келеді, ел соңынан қаптап келеді. Біраз уақыт шапқаннан кейін «жау мұнда» деп өзінің аулына, өз үйіне әкеп тоқтады да:
— Ойбай, жау менің әкемді әкетті. Сендер бір жылқыны жау әкетсе, аттандап шабасыңдар, менің әкем бір бас мал құрлы жоқ па? — депті.
Біреулері:
— Әкеңді кім әкетті? — дегенде,
— Құдайдың өзі әкетті, — депті.
— Ей, мынау неткен сұмдық?! Кісі өлімін «жау шаптылап» хабарлап, намазға деп шақырушы еді. Елді бекерге үрейлендіріп, әбігер қылғаның не, осынша? — деп тарамақ болған жұртқа, бір ақсақал елді тоқтатып:
— Ау, халайық, бұл Бұлғақ тентекті бәрің де білесіңдер. Бұл «менің әкем өлді» деп елге өзі барып хабарлауға бола ма? Елге барып хабарлағанда, бұның тілін кім алады? Бұл тентек тапқырлығымен, өжеттігімен «аттандап» қанша халықты жинады. Ал, осы жиналған жұрт, мына өлген қарт өліктің құрметі үшін елдік етіп, ортадан қаржы жинап, өлікті қоялық. Сауабы тиер. Ертең бәріміздің де басымызға келер уақиға ғой, — деп халықты көндіріп, тоқтатады. Әлді үйлер бір-бір тоқтыдан беріп, жалпы көпшілік тиын-тебендеп қаржы жинап, Бұлғақ
тың басындағы ауыртпалықты көтеріп, әкесін жақсылап қойып қайтады.