Бұлбұл торғай (I нұсқа)
Қожеке Мұқыр, Жырғалаң деген жерлерді мекендеп жүрген екен. Бір күні Қасымбай деген ұстамен бірге Мұқырдың қалың орманынан отын алуға барады. Таңертеңгілік мезгіл болса керек. Ағаш бұтағына қонып отырған бұлбұл торғай құйқылжытып сайрай жөнеледі. Бұлбұлдың сан құбылтып сайраған әсем үніне еліткен бұлар алатын отындарын ұмытып, әуенге қызыға тыңдап отырып қалады. Әлден уақытта Қасымбай:
— Шіркін, мына бұлбұл дауысының жағымдысын-ай. Үнін домбыраға салып алар ма еді? Түсіре аласың ба? — деп сұрайды Қожекеден.
— Домбыра болғанда, түсірмей несі бар? — дейді Қожеке.
— Ондай болса, домбыраны мен жасап берейін, — деп, Қасымбай орманнан қураған қарағай ала қайтады да, үйіне келген соң домбыра шауып жасайды. Қураған қарағайдан қақпақ салады. Тау ешкісінің ішегінен ішек есіп тағады. Қожеке сол домбыраны қолына алғанда, көкейіне таңдағы сайраған бұлбұл торғайдың құйқылжыған үні оралыпты.