23.08.2021
  159


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бұлбұл (II нұсқа)

Ел іші ойын-тойдан, қызықты бас қосудан құр алақан болмайтын әдеті. Ерулік, сыбаға, соғым басы, қымызмұрындық, шашыратқы, сіргежияр, уызқағанақ, ұйқы ашар, бастаңғы, сірне, ұлыстың ұлы күні, асар, шілдехана, бесікке салар, тұсау кесер, сүндет тойы, тоқым қағар, қыз ұзату, келін түсіру, ас беру, міне, мұның бәрі де — адам өмірі, тек қана адамның мейір шуағына бөлену арқылы бақытты болатынын білген елдің өмір салты. Осындай бас қосулардың бірінде Дина өзі қатарлы Балым атты бір қызбен танысады. Табиғаттың жомарттығында шек бар ма, Балымның ақылына көркі сай, аяулы ару болса керек. Әсіресе сызылтып айтқан әндері, сылқылдатып тартқан күйлері Динаға ерекше әсер етеді. «Япырай, бір адамның бойына осынша қасиет біте береді екен-ау!» деп қайран қалады.


Осы бір, жалғыз сәт қана бас қосып, дәмдес болған Балым қыз көпке дейін Динаның есінен кетпей жүреді. Қыз баланың өрісі алыстан бұйырған соң ба, жоқ әлде жыл құсындай шашырай көшіп-қонып жүрген ел болған соң ба, әйтеуір, Балым қызға Дина қайтып кездесе алмай жүреді.


Уақыт сырғып өтіп жатады. Бұл кезде толықсып бой жеткен Балым қыз бір төреге тұрмысқа шығады. Балым болашақ күйеуіне құлықсыздау болған екен, бірақ төре төрелік мысымен, малының күшімен алса керек.


«Жібекті түте алмаған жүн етеді, аруды күте алмаған күң етеді» дегендей, төре Балымға жайсыз болады. Балымды бұлттың көлеңкесінен қызғанып, басынан таяқ айырмайды. Әсіресе ән айтып, күй тартуына тыйым салады. Өнерді өміріне серік етіп өскен Балымды мұндай жағдай құсалыққа ұрындырады.


Бір күні күйеуі үйде жоқта Балым көршіден домбыра алдырып, күй тартады. Көптен аңсаған сырласына іштегі шерін ақтарғандай, домбыраны беріле тартып отырады. Қас қылғандай, осы жағдайдың үстіне күйеуі кіріп келеді. Мұндайға төзетін төре ме, шаңырағымды жынның ұясына айналдырдың деп, Балымды оңдырмай сабайды. Осы оқиғадан кейін булығып жылаудан болды ма, жоқ әлде, төренің шолтаңдаған қамшысы тидіме, әйтеуір Балымның екі көзіне бірдей ақ түседі. Жалғанның шырағындай жанарынан айырылып, аяқ жолын тауып жүру мұң болады.


Балымды ару кезінде қадірлей алмаған төре, енді көзіне ақ түсіп, кіріптар болғанда тіптен керексіз етеді. Ақыры, күндердің бір күнінде, тотыдай тарантып алып келген Балымды тоқымдай сүйретіп, төркініне апарып тастайды. Осыдан кейін Балым өмір бойы тағдырына налып, Тәңіріге мұңын шағып өтеді. Көкірегінен небір зарлы әндер ақтарылып, төңірегіне «Соқыр қыздың әні» деп таралып жатады.


Бұл өнердің сарыны, ән мен күйге құлағы түрік жүретін Динаға да жетіп жатады. Бірақ «Соқыр қыздың» бір кездегі, ауыл-аймақты аузына қаратқан Балым екенін білмейді. «Япыр-ай, әні қандай мұңды еді, сазы қандай есті еді» деп, таң қалып жүреді.


Бір күні ауыл-аймақтың әдеттегідей бас қосуында Дина сырттай ынтығып жүрген «Соқыр қыздың» өзін көреді. Мұндайда сырттай мүсіркеп қоя салатын Дина ма, бақытсыз бейбақтың көңілін аулау үшін жанына барып, қолын алып, күйін тартып, сырласады. Әңгіме үстінде «Соқыр қыздың» баяғы Балым қыз екенін біледі. Мұнан соң Дина тіптен тебіреніп, өз басына түскен нәубеттей күйзеледі.


Әрине, қанша тебіреніп, күйзелгенмен күйректікке салыну Динаның табиғатында жоқ. Сол жерде есін жиып, бойын бекітіп, замандас құрбысы Балымға тіл қатады: «Балым, шүкірлік еткенің жөн, ата-анаңның әлпештеген бұлбұлы болып өсіп едің, енді, міне халқыңның ардақтаған бұлбұлы болып жүрсің», — дейді. Жай ғана сөзбен жұбатып қоймайды, кейін Балымға арнап «Бұлбұл» атты күй шығарады.





Пікір жазу