23.08.2021
  339


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бөдене мен Жарылғап

Қалмақ ханы Қоңтажыға барып, теңдік алып қайтқаннан кейін Қазыбектің абыройы хан Бертістен артып кетеді. Қаракесек ішінде бұрын хан Бертістің алдына келетін ел енді Қазыбектің алдынан тарайтын болады. Сондықтан Бертіс Қазыбекпен өштесе бастайды. Бертіс Қоңтажының алдында айтқан Қазыбектің:


— Уай! Ерден ердің несі артық —
Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық —
Бір-ақ адым жері артық.
Міндетіне алған сөзден шегінген жігіттен
Аштан өлген адамның өзі артық! —


деген сөзін де көңіліне кек алып жүреді екен. Сондықтан Бертіс: «Қазыбектің көзін жоймай маған ел де, билік те жоқ екен, қалайда оны құртайын», — деп ойлайды.


Сөйтіп, айналасындағы адамдарды Қазыбекке қарсы ұйымдастырады. Бертісті жақтаушылардың басында Бертістің інісі Тілеукенің баласы Жарылғап батыр бар екен. Жарылғап бастаған топ алдын ала өлтіруге сөз байласып, Қазыбекті қонаққа шақырады. Сол күні Қазыбектің батыр
інісі Бөдене мал қарап кеткен екен. Қазыбектің ақылды қызы Маңқан мен Бөдененің қызы Нәуетек Қазыбекке:


— Сіз осыған бармай-ақ қойыңыз. Осылар сізге өшігіп жүр еді, үйде Бөдене жоқта жазым ғып жүрер! — дейді.


— Өлімнен қорқып үйден шықпай отырамын ба? — деп Қазыбек қыздарының айтқанына көнбей, шақырған жерге бармақшы болады.


Сонда қыздары:


— О тілімізді алмасаңыз, мына тілімізді алыңыз! — деп, ішінен сауыт кигізіп жібереді.


Шақырған үйге келген соң Қазыбек елді әдетінше аузына қаратып, үйіріп әкетеді. Қазыбекті өлтіруге уәде байласқан адамдардың өздері де Қазыбектің сөздерін ұйып тыңдап, өлімге қимай ірік-жарма болады. Көп уақыт өтеді. Сол уақыттарда Қаракемпір Қосымжорға дейтін кісі:


— Оны айттық, мұны айттық, бағанағыны қайттік?! — деп қибыжықтай береді. Сол уақытта Жарылғап бастаған бір топ қамсыз отырған Қазыбекті бас салып пышақтай бастайды, бірақ ішінен қалың сауыт киген Қазыбектің денесіне пышақ дари қоймайды.


Бұл кезде мал қарап кеткен Бөдене батыр үйіне келеді. Келісімен алдынан екі қыз жүгіріп шығып:


— Ағаңды дұшпандары қонаққа шақырып, кетті. «Бармаңыз!» деп едік көнбеді, жазым ғып жүрмесін. Тезірек жете көр! — дейді.


Қылышы қолында, айғыры астында Бөдене батыр аттан түспестен жұрт жиналған жерге жетіп келсе, Жарылғап бастаған бір топ адам Қазыбекке жабылып жатыр екен. Біреуі есіктен, біреуі тесіктен тым-тырақай қаша-қаша жөнеледі.


Солардың ішінде Жарылғап батыр да сыртта дайын тұрған Ақбоз атына міне қашады. Сонда Қазыбек:


— Үстім жеңілдеп кетті, япырмай, жалғызым келген болар ма? — деп, тысқа шығып, қашқандардың артынан қараса, Бөдене Жарылғапты атуға садағын кезей қалған екен.

— Жалғызым, сол шіркінді атпай-ақ қойсайшы! Атын атып ашуыңды бассаң, жетер. О шіркіннің арты зүриятты болса керек еді. Тұқымы құрып кетеді ғой! — дейді.


Бөдене садақты тартып қалғанда, Жарылғаптың астындағы Ақбоз аты қалпақтай ұшады, өзі жаяу қашып құтылады. Қашып келе жатып, түйе қайырып келе жатқан Қазыбектің әкесі Келдібекке кездесіп қалады да, астындағы атын аударып мініп кетеді. Және атқа таласқан қарттың бір аяғын мертіктіріп кетеді, сонда Бөдене ашуланып:


— Бәлем, Жарылғап, тұра тұр! Осы қылышты сенен басқаға суырмаспын! — деп серт қып қылышын қынабына салады.


Осыны естіп Жарылғап елден қашып кетеді. Бұл кезде ел Сырдың бойында екен. Жарылғап өзі секілді Кіші жүзден қашып жүрген бір батырмен жолдас болып, Қаратауды паналайды. Елден мал ұрлап, тамақ асырайды. Сол төңіректегі бір байдың ту биесі жоғалады, жерге
алғашқы қар түскен кез екен. Бай айнала із кезсе, жылқы жатқан жерге келіп қайтқан бір жаяудың ізін көреді. Ізге түсіп келсе бір сайда жылқы сойып, қара бақырға ет асып жатқан екі батырға кез болады. Екі батыр байдың алдынан шығып, құрметтеп қарсы алады.


— Ет жеңіз! — деп жаңа піскен жылқының жас етін алдына тартады. Ет жеп болғаннан соң бай:


— Шырақтарым, айтып та болмайды, айтпай да болмайды. Бүгін жылқы аралай шығып едім, ішінен бір ту бием жоқ екен. Айнала із кезсем, бір жаяудың ізін көрдім. Сол ізге түсіп сендерге келдім. Осының мәнісін айтшы! — дейді.


Сонда олар:


— Алалдан жиған малыңыз екен, мінеки, өзіңізге бұйырып, тісіңізге тиді! — дейді.


— Мен жаяудан басқаның ізін көрмедім, қалай әкеліп сойдыңдар, соны айтшы.


— Алыс жерден келіп едік, атымыз суып тұр еді. Таяу жерде жылқының дауысы шығып жатқан соң біреуіміз барып, жусап жатқан бір биені бас салып, арқалай алып келдік.


— Дұрыс, олай болса, балам! Өздерің екеу екенсіңдер. Бұл біреуіңнің қонақасың болар. Таяуда шөпке қойған қу мүйіз он екі өгізім бар еді, соның да біреуін алып кетіп жеңдерші!


— Жарайды! — деп екеуі атына мініп, байға еріп шықты.


Бай өгіздерін қорадан айдап шыққанда, Жарылғап батыр он екі өгіздің біреуіне тап беріп, бір қолымен мүйізінен, бір қолымен қолтықтап алып аттың жалына бір-ақ салыпты. Бай: «өгізді жерден көтеріп алғанмен алысқа кете алмас» деген оймен артынан ілесе жүреді.


Екі батыр бірінің қолынан бірі алып тау арасындағы жұртына келді. Сонда бай:


— Жарайды, екеуіңе екі қонақасы бердім. Құлақпен естігеннен гөрі көзбен көрейін деп едім, көрдім, сендім, — деп қайтып кетіпті.


Сол кезде Қазыбектің қызы Маңқанды Қаракерей Қабанбай аулына ұзатқан екен. Бұлардың арасы араз болғанмен туыстары жақын болғандықтан, Жарылғап батыр Маңқанды іздеп барыпты.


— Мен осы аң болып, тау арасында өтемін бе? Болмаса елді көрер күн болар ма екен? — дейді Маңқанға Жарылғап.


Сонда Маңқан айтыпты:


— Менің үйге баратын мезгілім болған жоқ еді. Төркіндеп қайтайын. Ел арасынан көп ұзамай, құлағыңды сала жүр.


Сөйтіп, Маңқан төркініне келеді. Әкесі Қазыбектің үйіне түседі.


— Мезгілім болмай мен келіп қалып едім, сұрағанымды алар ма екем? — дейді.


— Менің саған бермейтім болар деймісің? Менен сұрағанша, Бөденеден сұрасайшы! — депті Қазыбек.


Содан Маңқан Бөдененің үйіне келіпті. Бөдене ұйықтап жатыр екен, басына келіп жылап отырыпты. Бір уақытта Бөдене оянып кетіп:


— Опырмай, қарағым, неге жылап отырсың? — депті. Сонда Маңқан:


— Мезгілім болмай келіп қалып едім, сұрағанымды алсам, жер үстімен жарқырап қайтамын ғой. «Әгерде ала алмасам, жерді астымен кетемін бе, үстімен кетем бе?» — деп, — жол таба алмай отырмын! — депті.


— Жарылғаптан басқаның бәрін ал! — депті Бөдене.


Сонда Маңқан аяғын көсіліп жіберіп жылаған екен. (* ол кезгі әдет бойынша, қыз аяғын көсіліп жылау «бұдан кейін көрмеймін» дегендей ауыр жылау болады екен)


— Берсең, атын атамай берсең етті, атын атап бергенің неғылғаның? — депті.


Сонда Бөдене батыр қыздың бетіне қарап отырып-отырып:


— Пай-пай! Қыз жау деген осы-а! Дұшпанымды сұрадың-ау! Сені ренжітпеспін деуші едім, сен жылаған соң жатырым аяғымның басына түсті ғой. Еркектің де жатыры болады екен-ау! Жарайды, алшы-алшы! — депті.


Маңқан қуанып көзінің жасын тыйып, Жарылғапқа кісі жібертіпті. Жарылғап қасына бес-алты кісісін ертіп Қазыбектікіне келіпті. Қазыбек қан тілемейтін кешірімді адам, Қазыбектің кешіретінін біліп, Қазыбекті ертіп Бөдененікіне келіпті. Аттан түсе қалып, Бөдененің аяғына бас киімін салып, жүресінен отырып қолын алады.


Сонда Бөдене көзін алартып, Жарылғаптың қолын қысып қалады, Жарылғаптың түсі бұзылып кетеді, қолын босатқан соң орнынан зорға тұрып барып, бір бұрышқа отырады.


Бөдене қылышын қынынан бір алып, бір салып Жарылғапқа қарай береді. Жұрт «мынау бүлдірейін деп отыр ма» деп Қазыбекке жалтақ-жалтақ қарайды.


— Не істер дейсіңдер, қауіптенбеңдер, сертін орындап отырғаны шығар! — депті Қазыбек.


Сонымен табысып тарапты. Сол кезде Жарылғап өз үйіне келіп жатқан екен. Сонда әйелі:


— Япырмай, сен осы жолы Бөденемен табысып келдің, білем! — деп айтпай білген екен. Өйткені Бөденемен араздасқалы бері Жарылғап үйіне жасырынып келіп тұрғанмен, төсектеп қалған екен.


* * *


Қазыбекті тоқсан төрт жасында Кіші жүз сауын айтып асқа шақырыпты.


— Қазыбек осы асқа қатыссын, әгарда қатыспаса, халқымыз түгелдей өкпелейді, — депті.


Сонда Қазыбек осы асқа барарын да, бармасын да білмей сол түні төңбекшіп, кейіп шығыпты. Қазыбек Сырымбет деген кіші баласының қолында екен. Сырымбет мұны біліп, Бекболатты шақыртыпты. Бекболат Үшқара тауында отырады екен, қасына 25 кісі ертіп келіпті. Келгеннен кейін Сырымбет ағасына:


— Әкең түнімен кейіп шықты, кісі деп маған сырын айтпайды. Неге кейігенін сен сұрашы! — дейді. Сонда Бекболат:


— Әке, түнімен неге кейідіңіз, неге кейігеніңізді айтыңызшы! — депті.


— Саған біреу айтты ма, кейігенімді қайдан білдің? —  дейді Қазыбек.


— Сіздің тынышыңыз кеткен соң, менің де тынышым кетіп келдім, — депті Бекболат.


— Жарайды, менің тынышым кеткенін білсең, туған екенсің. Кіші жүз сауын айтып, ат қойып асқа шақырып отыр. Соған бармасам, халық ренжитінін айтады. Барсам, кешегі өзім тұстас Төле би, Мама би, Қаражігіт би жоқ, мені кім таниды, кіммен сөйлесіп отырамын. Соны ойлап тынышым кетіп шықты! — дейді.


Сонда Бекболат:


— Бізді де кісі деп ел жұрт билетіп жүр ғой, олардың да біз сияқты ел билетіп қойған кісілері бар шығар. Солармен де сөйлесерміз, — дейді.


— Сонда сен менің барғанымды ұнатып тұрсың ба? — дейді Қазыбек.


— Мен ұнатамын барғаныңызды.


— Сен ұнатсаң, ендеше, менің жабдығымды жасап, жүргіз!


Сонымен, Қазыбекті ат-тонын сайлап, арбасын дайындап, алып жүріп кетіпті. Орта жүздің шекарасынан шығып, адамдар басын қосқан соң Қазыбек кісілердің шамасын сұрапты.


— Бес жүз шамасында кісі келе жатыр, — депті.


— Аса көп емес екен. Олай болса, менен туған бес бала былай шықшы, — деп оңаша шығарып алып, — менің қолымды халық көп көтертуге тиіс, әркімнің әртүрлі тілегі бар ғой. Менен туған балалар осыдан сендер дүние, мал үміт қылмаңдар, менің өлер алдындағы кебінім ғой. Халық ырымдап бөліп алсын! — дейді.


Сонымен, бұлар Кіші жүзге барып, асқа қатысыпты. Қазыбектің батасын алып, жұрттан бес-алты жүз жылқы, жүз елудей түйе түсті. Халық қайтып шекараға келіп, тарқайтын жерде Қазыбек Бекболатқа:


— Осы малды халыққа үлестір, біреуі наразы болып кетпесін, — дейді.


Бекболат малды иіріп тұрып халыққа бөліп береді. Бір отыз-қырық қара қалған кезде кенже баласы Сырымбет тұрып:


— Елдің бәрі алып жатыр, бізге дәнекенің керегі жоқ па? — депті. Сонда Қазыбек Бекболатты шақырып алып:


— Мына көпшіліктің ішінде құр қалған наразысы бар ма? Тағы да бір рет айқайлап, құр қалғаны болса, берші! — дейді.


Бекболат жар салып айқайлап, тағы да он-онбес мал үлестіреді. Қалған жиырма шақты қарасын Сырымбетке бергізіп:


— Сырымбет, өлер алдындағы кебінімнен сен де алдың ғой, атың да, атағың да, көлемің де өзгесіндей болмасын, — депті.


Сырымбет кейін өспей, шағын ауыл болып келді.





Пікір жазу