23.08.2021
  246


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бозторғай

Бір жылы ел жазылып жайлауға шығып, төрт түлік мал Арқаның апай төсіне тұяқ іліктірген кезде Түсіпбектің үйіне әдеттегідей Әупік пен Нақып бастаған Дәулеттің ағайындары келеді. Қадірлі қонақтарына Түсіпбектің үй іші жайылып жастық, иіліп төсек болып, жандары қалмай күтеді. Түсіпбек қобызын сирек ұстайтын адам екен. Бірақ сыйлы қонақтарының көңілі үшін қобызын алдырып, әдеттегідей інісі Ақынбайға құлақ күйін келтіртеді, шайырын жаққызып баптатып алады.


Түсіпбек қобыз алдыртқаннан-ақ үй төңірегіндегі бала-шағаның дабырын тыйып, үй ішіндегілер тиісті орындарына жайғасып тыныштық сақтайды. Тек қана босаға жақта тұғырда отырған бүркіт «қияқ-қияқ» деп шақырып, тыныштықты бұзғандай болады. Ақынбай кіржің етіп: «Қолбала емес, түзден алған құс еді, қайыруға көнбей қойды, қайсар екен», — деп, қонақтардың алдында ақталғандай шырай танытады.


Үйдің ши жағында Түсіпбектің Шәмшиядан туған Шырын деген қызы ши түбіндегі қара сабаның сылдырмақты піспегін қызықтап тұрады. Жаңа қаз басуға жарап қалған Шырынның үстінде қызыл көйлегі болса керек.


Содан, Түсіпбектің қобызды қолына алғаны сол екен, босағадағы бүркіт дүр сілкінгенде тұғыр басына орай салған балақ бауы босап кетеді. Аяғының босағанын сезген асау бүркіт тұяғымен сарт-сарт ұрып, томағасын сыпырып түсіреді. Томаға түсісімен жанары жарқ-жұрқ етіп, үйдің ішіндегілерді жұтып жіберердей бір шолып шығады да, көзін саба түбінде селтиіп тұрған қызыл көйлекті Шырынға қадайды. Іле лып етіп тұғырдан қарғып түскен бүркіт балпаң-балпаң басып теріс қарап сылдырмақпен ойнап тұрған Шырынға қарай жүреді.


Үй ішіндегілер сілтідей тынып, аңырып қалады. Себебі, түз тағысының мінезі аян, дәл қазір тосын қимылды сезсе болды, көз алдындағы қызылды қызғанып тұяқ жұмсауы мүмкін. Бүркіттің шалт қимылы жай оғындай жылдам екенін, сол жерде жат қимылмен жарысып тұяқ жұмсаса, баланы майып қылатынын әсіресе құсбегі Түсіпбек жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де, Түсіпбек тығырықтан шығар шешімді өзі табады.


Үй ішіндегілер «енді қайттік!» деп булығып отырғанда Түсіпбек қолындағы қара қобызын сыза жөнеледі. Қиян дала, қиыр шеттен талып жеткендей бір тосын сарын үздіге сұңқыл- дап келіп, ширыға шырылдайды.


Сонда, қызыл көйлекті баланың ту сыртына төніп келген бүркіт мойнын қылқыңдатып, ашық тұрған түндіктен зеңгір көкке көзін төңкере қадап тұрып қалып еді дейді. Бүркіттің қобыз үніне алаңдаған сәтін пайдаланған Ақынбай лып етіп орнынан тұрып, түз тағысын тік көтеріп әкеп тұғырына қондырады.





Пікір жазу