23.08.2021
  137


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бозайғыр (ІІІ нұсқа)

Ертеде тау бөктерінде жатқан жылқыларды ұрылар айдап кетулі. Жылқы ішінде Бозайғыр бар екен. Ол үйірден ұзап алысқа кетпей, шет жағында жайылып жүрсе керек. Ұрылар жылқыларды қуғанда Бозайғырды да үйірімен қоса әкеткен. Жолда үш күн болып, төртінші күні жердің, оны айдап келе жатқан адамдардың бөтен екенін сезген Бозайғыр айнала пысқырынып, ауылына қашып келеді. Бозайғырдың үйірінен бұлайша бөлініп келуі тегін емес екенін білген байдың баласы, айғырды жүгендеп, ерттеп, қару-жарағын асынып, жылқының соңынан қуады. Жылқыға жетіп, алдын орап үйірді кейін қайырады. Мұны көрген қарақшылар жан-жақтан қаумалап баланы ортаға алып, қолға түсіріп, қорламақшы болады. Бірақ олардың бұл ойын түк шықпайды. Өйткені бала Бозайғырмен бір шетке шығып, ұрыларға тұтқиылдан тиісіп, екеуін құлатады. Қызып алған айғыр мен қайта шауып, қарақшылардың тағы екеуін түсіріп, ауылға қарай жылқымен бет бұрғанда, баланың енді ұстатпайтынына көздері жеткен ұрылардың тірі қалғаны оны білтелі мылтықпен атып, санынан жаралайды. оқ тиген бала бұрынғыдан да
бетер өшігіп, тұла бойын ыза кернеп, жаралы санын қыл белбеумен қатты таңып, қарақшыларға қайта тиіседі. олардың қалғандарын құлатып, жылқыны айдап ауылға қайтады. Жолшыбай бір төбенің етегіне жетіп, ілгері жүруге шамасы келмей қансырап, атынан жығылады. Бозайғыр әрі-бері оқыранып, баланың қасынан кете алмай, ақыры болмаған соң ауылға тартады.


Баланың әкесі Бозайғырды көріп, «балам өлген екен, енді не болса да іздейін» деп жолға шығады. Бозайғыр иесіне бас бермей, тауда қалған балаға қарай оны ала жөнеледі. Келсе, шынында да бала өліпті. Баласының өліміне әкесі қатты қайғырып, жылап-еңіреп отырғанда қасында тұрған бозайғыр оқыранып, кісінейді. Тағы да ұрылар келіп қалған екен деп, бай зәресі кетіп орнынан ұшып тұрса, ерінің қасына ілген домбрасы бар, салт атты жалғыз жүргінші екен. Жолаушы баланың жанына келіп, әкесіне көңіл айтады. Бай болған жағдайды оған түгел
баяндайды. Сонда жолаушы:


— Шіркін, жануарым-ай! Ат болса осындай, ер болса сенің балаңдай болсын! «Жақсы ат ер сүйегін далаға тастамайды» деген осы да. Балаңа астындағы аты сай екен. Жақсы ат ерге қанат бітіреді деген. Мына жағдай дәл соған келеді, — деп, домбырасын алып, бір күйді тартыпты. Күй күңірене барып аяқталғанда баланың әкесі:


— Замандас! Мына тартқан қайғылы сазыңыздың аты қалай? — деп сұрағанда домбырашы:


— Бауырым, мына тұрған Бозайғырға разы болып, соған арнап тарқан күйім еді, атын «Бозайғыр» қойдым. Бұл айғыр болмаса, балаң қайда қалар еді, сен оның сүйегін қайдан табар едің? — депті.





Пікір жазу