Бозайғыр (ІІ нұсқа)
Өткен заманда бір байдың жылқыларының ішінде боз айғыры бар екен. Боз айғыр жылқылардан ұзап алысқа кетпей, шет жағында жүретін. Бір күні жылқыны ұрылар айдап кетеді. Бозайғыр үйірімен бірге ұрылардың қолында үш күн болып, төртінші күні өздерін айдап келе жатқан адамдардың бөтен екенін сезіп, ауылға қарай қашып, үйге келеді. Бозайғырдың үйірінен бұлайша бөлініп келуінің тегін емесін сезген байдың баласы, айғырды жүгендеп, жылқының соңынан қуады. Жылқыға жетіп, алдын орап үйірді кейін қарай қайырады. Ұрылар балаға жан-жақтан лап қойып ортаға алмақшы болғанда, Бозайғыр үстіндегі баланы бір шетке алып шығады. Бала ұрыларға бір бүйірден тиісіп, бір-екеуін құлатады. Ұрылар баланы тірідей ұстап алып, жәбірлегісі келеді. Бірақ олардың бұл ойына бала да, Бозайғыр да көнбей, ұрылардың тағы екеуін құлатып, кейін қарай бет бұрғанда, ұстай алмасына көздері жеткен ұрылар садағымен баланы атып санынан жаралайды. Бала
жаралы санын белбеумен таңып алып, ұрыларға өшіге қайта тиісіп, өзі аттан түсіп, жүруге шамасы келмей қансырап жатады да, атты қоя береді. Бозайғыр босанған бойда ауылға тартады.
Бозайғырды көрген бай қамығып: «Балам өлген екен, енді не болса да ізіне түсіп іздейін» деп айғырға мінгенде, Бозайғыр байға бас бермей, тауда қалған балаға қарай ала жөнеледі. Келсе, шынында, бала өліпті. Баласының өліміне қайғырып, жылап-еңіреп бай далада отырғанда қасында тұрған Бозайғыр оқыранып қоя берді. «Тағы да ұрылар келіп қалған екен», — деп бай зәресі кетіп, орнынан ұшып тұрса, бір салт атты жалғыз жолаушы екен. Ерінің қасында домбырасы бар. Әлгі жолаушыға бай болған жағдайды түгел баяндайды. Сонда жолаушы:
— Шіркін, жануарым-ай! Ат болса осындай, ер болса сенің балаңдай болсын. «Жақсы ат ер сүйегін далаға тастамайды» деген осы да. Балаңның ерлігіне астындағы аты сай екен. «Жақсы ат жаман жігітті де ер етеді» деген бар ғой. Мына жануар дәл соған сай келеді екен, — деп қолына домбырасын алып бір күйді тарта беріпті.
Күй күңірене барып аяқталғанда күйзеліп отырған бай:
— Замандас! Мына тартқаның қайғылы саз болды ғой? Атын не дейсіз? — депті. Сонда күйші:
— Жануар мына тұрған Бозайғырға разы болып, соған арнап тарттым, өйткені бұл айғыр болмаса, сенің балаң қайда қалар еді, сен балаңды қайдан табар едің? — депті.
Осыдан бастап бұл күй ел арасында «Бозайғыр» атанып, таралған көрінеді.