23.08.2021
  155


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бәстесу

Қақаған қыс күндері екен, Жұқаның көршілері Жұқаға өздерін бір рет қонақ еттірмекші болып:


— Жұқа, біз бас тігісіп көрсек, егер бәсте өтіп кетсеңіз, сізді үйрек еті және майлы тоқашпен қонақ қылсақ, ал біз ұтсақ, сіз де солай етсеңіз, — депті.


— Неменеге бәстесетіндігімізді айтыңыздар, — депті Жұқа.


— Сіз алаңда от жағып жылынбай таң атқанша тұрасыз, — депті көршілері.


— Жарайды, сөз шарттан жазбаймын, — депті Жұқа кесетіп.


— Жұқа, жақсырақ ойланыңыз, үсініп қалмаңыз! Жаман айтпай жақсы жоқ, үситіңіз болса, әлде кімді алашақ-берешегіміз болса айтып кетіңіз, — дейді бір көршісі.


— Мен сендерге құрыштай берік денемді, жартастай мұқалмас жігерімді көрсетіп қоймақшымын. Мен қаншалаған түндерді иен далада мазарлықта өткіздім десеңдерші, оның жанында бір түн алаңда тұру неге тұрады. Көпшілікке рахмет, айтатын өсиетім де жоқ, қалтам да құрғақ қазір, — дейді Жұқа.


Екі жақ осылайша келісіп, Жұқа алаңда туп-тура бір түн тұрады. Таңертеңінде көршілері келіп оның күйін сұрағанда, ол күлмің қағып:

— Мен түнде ағаш жапырағын самал желдің сылдырлатқанын ғана естідім, алыстан бір жылтырлаған жарықты көрдім, — дейді.


— Жұқа ұтылдыңыз, біз сізге отқа жылынбайсыз деген едік қой, сіз сол алыстағы оттан жылыныпсыз, — дейді көршілерінің бірі. Сонымен, басқалары да бұл сөзге қосыла кетіп, Жұқаны өздерін қонақ етуге жығады.


— Бұларды, сендерді қонақ етейін, — дейді Жұқа.


Бір күні кеште Жұқа көршілерін тамаққа шақырады. Көршілерінен бір қауым адам оның үйіне барып, астың пісуіне қарап әңгімелесіп отырады. Бірақ олар қанша тосса да, Жұқа алдыларына тағам әкелмейді, сонымен, іштеріндегі біреуі:


— Жұқа, бізге дайындаған тамағыңыз қайда? Құрсағымыз ашып кетті, — дейді.


— Сәл тақат қып тұрыңдар, азырақ тақат қылыңыздар, — дейді Жұқа. Түн жарым болғанда барып Жұқа тамаққа жабданады. Жұқа шығып кеткеннен кейін отырғандар:


— Ей, бұл қу бізді отырғызып кетпесін! — деп күбірлесе бастайды. Олар осыны айтып асханаға шықса, айтқанындай-ақ Жұқаны көре алмайды. Сонан аулаға келіп қараса, Жұқа ағаш басына қазан асыпты да, астына бір май шам жағып қойып, қаннен қаперсіз отырыпты. Мұны көрген көршілері:


— Ей, қалжыңның да өз жолы бар емес пе, бізді бүйтіп ашықтырғаның қайткенің, — деп дүрсе қоя береді.


— Сіздерге тамақ пісіріп жатырмын ғой, — дейді Жұқа.


— Қазанды ағаштың басына асып астынан сығырайған майшам жағып қойсаң, қазан қашан қайнамақ? — деп сұрайды көр- шілері. Сонда Жұқа:


— Сіздер неткен ұмытшақ едіңіздер? Үш күннің алдында мен бір ферсах қашықтықтағы жылтыраған жарықты көрдім дегенде сіздер мені сонан жылынып алдың демеп пе едіңіздер, бір ферсах қашықтықтағы жылтыраған жарыққа адам жылына алатын болса, астында тұрған шамға қазан қалай қайнамайды екен, — деп жауап беріпті.





Пікір жазу