23.08.2021
241
Бауырсаққа өре саламыз ба?
Күзгі уақыт екен. Тонтайдың үйіне бір замандасы келіпті. Әйелі шай жасапты. Тонтайдың үйінің төргі жағына төсеніш қалыңдау түсіп, есік жағы құлама екен, дастарханға салған аз ғана бауырсақ ылдиға домалап, шалдың алдынан қашықтай беріпті.
Әлігі кісі бауырсақты алған сайын алдына таман әкеліп қойса, бауырсақ жылжып ылдиға сырғи беріпті. Өзінің бауырсаққа қайта-қайта ұмтыла бергенін ыңғайсыз көрген ол:
—Осы үйдің бауырсағы қуғанды көп көрген қашаған ба, жоқ әлде менің қолымның ебі кеткен бе?—депті.
Сонда Тонтай жұлып алғандай:
—Сенің икемің кетіп қиюың қашты екен деп, бауырсаққа өре салып қоямыз ба,—депті. Құрдасы үндей алмай қалыпты. Тонтайдың бұл сөзі де ел аузында мәтел болып кетеді.