23.08.2021
  167


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бала би Досбол сөздерінен

Досбол би жеті жасында әкесі өліп, жетім қалады. Әкесі кедей болады. Мініп жүретін бір жақсы аты қалады, басқа малы шамалы болу керек. Ат біреу болса да мінер адам болмай, ат екі жыл жылқыда жүреді. Досбол тоғыз жасқа келеді. Елдің ақсақалдары Досболға: «Сенің осы әкеңнен қалған атың жүйрік еді, сен ұстатып алып, осы бастан қотанның тақырына арқандап жарата берсең, күзгі көбік қарда түлкі қууға қолайлы келеді», — деп баланы үгіттеп, атын ұстатып, айтқандарын істетеді. Август айынан атты жаратып, октябрь ішінде бір күн ақша қар
жауып қалады. Ел көтеріле түлкіге шығады. Досбол атына мініп бірге шығады. Түлкі байланатын ақсақалдар да қалмайды. Көп іздеп түлкі таба алмай, арық-тұрақ көбең-сабаң аттар болдыруға айналғанда алдарынан бір түлкі қашып, Досбол оқшау кетіп бірнеше қыр асырып, ақыры түлкіні соғып, атын аяндатып солығын басып, түлкіні сойып болған кезде ақсақалдар келіп:


— Әкел, байла түлкіні, — деп қанжығаларын ұсынғанда, Досбол:


— Өзім жетім, түлкіге алғашқы шыққан бетім, бұл түлкіні өзіме қалдырыңдар, — деп түлкіні бергісі келмейді.



Ақсақалдар: «Бұл балалық жұмысты қой, түлкіні бер!» десе де, Досбол: «Төрешіге бармай, бермеймін» деген соң, ақсақалдар: «Қалаған төрешіні ал!» дегенде, Досбол: «Олай болса, мына жақын тұрған Бұхар, Хиуадағы сарттардың ханына барайық» деп, түлкі алмақ болған бір-екі ақсақалдарды ертіп Хиуа ханына барады. Хан істің мәнісін сұрағанда, Досбол жанындағы ақсалдарына: «Әуелі мен айтайын, қалған болса, сіздер айтарсыздар», — деп былай деген екен:


— Жапаннан қашты бір түлкі,
Тауға қарай дем алмай.
Жабыла қуды көп кісі,
Бірі қалды ере алмай.
Сол түлкіні кім алар,
Жетіп соққан мен алмай.
Ағайыннан үлкен дұшпан жоқ,
Алдына салып айдап жүр.
Бір түлкіні көре алмай,
Бір, тақсыр, күнәлі болып жүрмеңіз,
Төресін түзу бере алмай.


Хан ойлап беретін төре екен.


— Үш күн ойлап төре беремін, соған дейін шыдаңдар, — деп қайтарып, үш күннен кейін ақсақалдар мен Досболды шақырып алып:
— Бір істің дауын да, төресін де Досбол сөзінде түгел айтқан екен, соның үшін түлкіде жұмыстарың болмасын, Досболдың өзі алады. Екінші, балам, сенің атың кім? — деп сұрады. «Атым Досбол» деген соң, Хиуа ханы:


— Жасың қаншада, тоғызда ма? — деді. — Ендеше, сенің атыңа «бала би» деген сөз қосамын. Атың «Бала би Досбол» болсын, — деп, «Бала би» аты тоғыз жасында қосылған екен. Содан бастап Бала би Досбол аталып кетіпті.


 





Пікір жазу