Бақай қарт пен Сырым
Сырым батыр он төрт жаста Нұралы ханды шапқан себепті өкімет тарапынан жер аударылып, онан да аман-есен келген соң халқы үлкен той жасап, Сырымды хан қоймақ болады. Сонда тоқсан бір жасында көзі көрмей, нардай шөгіп жатқан Бақай дейтін сыншы қарт:
— Ау, жаным халық-ау, бір жас баланы хан сайлаймыз деп жатырсыңдар, сол баланы маған бір көрсетіңдерші, әруағы қандай, жасы қандай екен, байқап көрейін — деді. Қарт қыңқылдап қоймаған соң, халықтың тапсыруымен Сырым келіп сәлем береді.
— Сырым дейтін сен боласыз ба? — дейді Бақай.
— Иә, ата, болсақ болармыз, — дейді Сырым.
— Сырым сен болсаң,
Жоқтан бар болдың,
Айырдан нар болдың.
Көлденең ұрып озады,
Көнді қамқа тозады.
Атадан ұл озады,
Анадан қыз озады, —
депті қарт. Сонда Сырым:
— Жоқтан бар болмас,
Құдай берген болар.
Айырдан нар болсам,
Атам үлек болар.
Көнеден дәурен озса,
Асырауы кемірек болар.
Көнді қамқа тозса,
Киісі салақ болар.
Атадан ұл озса,
Еркіндігі болар.
Анадан қыз озса,
Шіркіндігі болар, —
деген екен. Бақай би разы болып:
— Жарайды, Сырым, өмір жасың ұзақ болсын! — деп бата беріпті.