23.08.2021
  278


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Байбақты Датұлы Сырым жайлы (І нұсқа)

Сырымның қарт атасы — Шолан батыр. Шоланды Қабылан төре өлтіреді. Дат іште қалып, дүниеге келгесін, қара қазақ жиналып төрелерменен арадағы зіл ұмтылмас үшін жас баланың атын Дат қояды. Дат өсіп, атасының кегін алмайтын төмен, тентек адам болады. Дат халықтан мынадай сөкеті сөз есітіп жүреді: «Ей, Дат, сенің атың заманында қойған Дат еді-ау, өсіміңе келісің лайық ат емес, тек бір қойылған ат болды-ау!» — деп қазақтың қарттары бетіне соғып жүреді.


Дат өсіп бір тәуір әйелге үйленеді, Сырым туады. Сырым өсіп, ат арқасына мініп, ағайын аралап жүргенде, Байбақтының Сасай атасының ауылына келеді. Келсе, ағайын қаумалап ортаға алып жылап қоя береді:


«Мына атаңа нәлет Нұралының баласы Есім сұлтан біздің бір ағайынның Ақмоншақ деген жүйрік атын лауға мінгізіп, ұстатып алдырып, бәйгеге қосып, Есімнің Ақмоншағы атанып, атағын шығарып тасып жүр. Міне, биыл екі жыл толады. Талай рет кісі жіберіп сұрадық, берер емес. Бүгінде құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ ал деуді шығарды.


Ақмоншақты бір жесірге балайтын едік, бүкіл Байбақтының атағын шығарған Ақмоншақ еді, шырағым, сол атқа сен бар, саған берер», — дейді.


Сырым айтады: «Ей, ағайын, сіздер мені жұмсамаңдар, ол ит маған да бермес, берсе құп жақсы, егер бермесе мен онан тегін қайтпаспын, бір зат та туып кетер», — деп өтінеді. Ағайын қаумалап болмайды, ақырында баратын болады. Барып Нұралы ханның өз үйіне түседі. Нұралы біраздан кейін:


— Сырым, жай жүрмісің, жұмысың не? — дейді. Сырым:


— Сіздің Есім сұлтаныңыз менің бір ағайынымның атын ұстап лауға мінген екен, жыл толыпты. Мауқы басылса, сол аттың сүйегі болса да алып кетейін деп келіп едім, — дейді.


— Жарайды, олай болса Есімді шақыртып айтайын, — дейді.


Нұралы:


— Есім, шырағым, мына Сырым Аққосты сұрай келіпті, бірталай міндік қой, енді берсейші, — дейді. Есім:


— Қара қазақтан қалған бір ат міне алмасам, менің нем сұлтан, мен атты қайтып беремін деп алғаным жоқ. Сырымға ат керек болса, құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ алсын да, кетсін, — дейді. Сырым:


— Менің де естиін дегенім осы сөз еді, — деп, дүпірін табалдырыққа сырт еткізіп үйден шығып, атына мініп кетеді.


Нұралы артынан Есімді қайта шақыртып алып:


— Шырағым, Есім, сен түсін, мына Сырым бір тайдың құнына келіп жүрген жоқ, бұл соғысқа келіп жүр, сен білмейсің, бұның атасы Шолан біздің бабаларымыздың қолынан жазымдалған. Бұл арам соны әлі ұмытпай жүр екен, беру жөн болар, — дейді.


Есім артынан кісі шаптырып: «Келіп қонақ болып, атын алып кетсін», — дейді.


Сырым: «Атаңа нәлет Есімнің бір тай үшін есігіне екі барып еңкейсем-ау! Бар ханыңа сәлем айт, келіп қонақ болатын күнімді өзім айтармын», — деп, қайтарылмай кете береді. Ағайындарына келіп: «Атты енді сұратпаңыз, өзі берсе, алыңыз», — деп Сарыарқаға сауын айтуға жүріп кеткен дейді.


Сырым ауылына келіп атын тастап, Есімнің ызасынан Желмаяға мініп, Сарыарқаның қазағынан көмек сұрап, сауын айтып жүреді. Сөйтіп жүргенде, елдің ақсақалдары кеңесіп, Сырымды Бақай сыншының алдынан өткізбекші болады. Сөйтіп, екеуі кездескендегі Бақайдың Сырымның қолынан ұстап тұрып айтқан сөзі:


— Иә, Сырым бала, жоқтан бар болды, айырдан нар болды, көнеден дәурен озды, күнідей қамқа тозды, атадан ұл озды, анадан қыз озды, боздан бурыл озды, шырағым! Соған тұтамай жауап берші, — дейді. Сырым:


— Иә, Бақай ата, жоқтан бар болса, Құдайдың құдіреті болар. Айырдан нар болса, атасы үлек болған болар. Көнеден дәурен озса, күтімі кем болған болар. Күнідей қамқа тозса, киюі салақ болған болар. Атадан ұл озса, еркіндігі болған болар, анадан қыз озса, шіркіндігі болар. Боздан бурыл озса, жүректіге бұлыған болар, Бақай ата! — депті. Бақай:


— Ей, Сырым, әкең сенің Дат төмен, тентек, шылғауын асына малып ішетін еді. Шешең қара торы, қайратты, күндіз келген жиырма кісі, түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандыратын еді. Сен шешеңе тартып туған екенсің, балам, — дейді.


Сырым:


— Иә, Бақай ата, әкемнен тентек болсам, бұлыған болар, шешем күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қонақ етіп аттандырса, қырықтың бірі қыдыр деген, онда мен қыдырдан болармын. Өзін-өзі езген ит, өзі болған жігіттің түп атасын сұраған ит деп еді, Бақай ата! — депті Сырым. Бақай сөзден жеңіліп, батырын апарып қонақ етіп, ат мінгізіп, шапан жауып, батасын беріп жіберіпті дейді.





Пікір жазу