23.08.2021
  194


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Әмір Темірдің ел билеп тұрған кезі (І нұсқа)

Орталық қаласы Самарқан болған. Әмір Темір өте жауынгер болыпты. Бір жылда алты мемлекетті шауып алыпты, ақырында қаласын алмақшы болыпты. Сұлтан Баязит деген кісіні тізе бүктіріпті. Соғыспай көп олжамен қайтыпты. Қайтып келе жатқанда теңіздің жағасында балық аулап жүрген кедейдің он алты жасар баласын алып кетіпті.


Самарқанға келгеннен кейін үлкен той жасаған. Сол той жасап жатқан жерге жалаң аяқ, жалаң бас бір әйел келіп, Әмір Темірдің аулында тұрған уәзірлерге:


— Мені босат, — депті, — Әмір Темірге жолығатын шаруам бар, алыс жолдан келем, — депті. Әмір Темір бажылдап жүрген әйелдің даусын естіп, «босат!» деп уәзірлеріне әмір етіпті.


— Әмір-Темір сіз боласыз ба? — депті.


— Мен болам, — депті.


— Сен Әмір болсаң, маған тәжім ет, басыңды и!


Әмір-Темір:


— Не үшін тәжім етем? — депті. Әйел былай депті:


— Жер жүзіне ғылым таратқан гректен шыққан Аристотельді тапқан кім? Ана! Құдайдан шыққан Мұхаммед пайғамбарды тапқан кім? Ана! Бір жылда алты мемлекетті өзіне бағындырып, жетінші сұлтан Баязитты тізе бүктірген кім? Мен. Сені тапқан кім? Ана! Олай болса, сол ананы құрметтеп тәжім ет!


Әмір Темір басын иеді. Сонан кейін жөн сұрайды.


— Сен кімсің?


— Мен сіз алып кеткен баланың анасымын.


Әмір Темір:


— Жолшыбай қиын қыстау жерлер бар, жыртқыш аңдар бар, одан қалай өттіңіз?


— Екі емшегім иіп, зар еңіреп жылап келе жатқанымда жыртқыш аңдар да, Алла да рақым етті. Алты мемлекетті жеңіп алып отырған сіз де маған рақым етерсіз.


Әмір Темір данышпан әйелдің баласын беріп, көп олжамен еліне апарып салады.





Пікір жазу