23.08.2021
  309


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Әл Фараби

Фараби Бағдат, Шам шаһарына — Дамаскіге барады. Сол кездегі бұл қаланың әкімі Сейф әд-Дәула бен Хамдан шешен әрі ғалым, халыққа мәшһүр адам екен. Хамдан өзіне жақын адамдармен Фараби жөнінде әңгімелесіп, сол кісіні көргісі келеді. Бір күні Хамдан шаһардағы барлық ғұламалар мен укамаларды шақырып, кең мәжіліс құрады. Мәжіліске әл Фарабиді де шақырып алдырады. Фараби келіп, көпшілікке сәлемдеседі. Төрдегі тақта отырған Хамдан Фарабиге: «отырыңыз» деп жай ғана ишарат білдіреді, бірақ орын көрсетпейді. Мұндағы Хамдидің мақсаты — Фарабидің мәртебесін сынау еді.


— Сіздің мәртебеңіздің шамасымен отырайын ба? — деп сұрады. Сонда әкім Фарабиге:


— Өз мәртебеңіздің шамасымен отырыңыз, — дейді. Сонда Фараби мәжілісте отырған адамдардан жоғары қарай өтіп, Сейф әд-Дәуланың жанына таққа барып отырады. Әкім орнынан сырғып түсе жаздайды. Бұған ішінен ыза болған Сейф әд-Дәула артында тұрған құлдарына өзі үйреткен құпия тілмен:


— Мына келіп отырған адам әдепсіз екен, мені орнымнан жылжытып жіберді, енді мен бұған бірнеше сұрақ қоямын, егер сұрағыма дұрыс жауап бере алмаса, өзін жанымнан сүйреп, домалатып жіберіңдер! — деп бұйырады. Әкімнің бұл құпия сөздерін жақсы түсінген Фараби сол тілмен:


— Ау, Сейф әд-Дәула, әуелі мен сізден «өзіңіз көрсеткен орынға отырайын ба немесе өзіме ұнаған орынға отырайын ба» деп сұрағанымда, сіз: «ұнатқан орныңызға отырыңыз» деп рұқсат бердіңіз ғой, сонсын мен ұнатқан орын осы болды, айып етпеңіз, — деп әміршіге жауап берді. Иә, Фараби бұл жауапты әміршінің ешкім білмес деген құпия тілімен айтты. Фарабидің құпия тілді де жақсы білетіндігін Сейф әд-Дәула қайран қалып оған бас иді, құрметтеді. Мәжілісте отырған барлық ғұлама, дана адамдар тыныш тұрып Фарабидің сөзін ықыласпен тыңдап, бәрі де оның асқақ ғылымына бой ұсынды.





Пікір жазу