Әз Жәнібек, Жиренше, Көсе
Әз Жәнібек хан Сырдың оң жағында отырады екен. Бір күні Сырдың сол жағындағы елге жарлық қылады: «Байталдарым құлын тастап жатыр, айғырларының дауысы маза бермеді, айғырларын қырсын!» дейді. Ел хан жарлығынан қорқып, сасады, жиылыс қылып ақылдасады. Жиналған жұрттың ішінен бір көсе шығып: «Сендер саспаңдар! Ханның жауабын мен берейін. Маған бір түйе, бір кебеже, шашы қара, сақалы ақ бір шал, сақалы қара шашы ақ бір шал және бір серке беріңдер!» — деді. Жұрт осы айтқандарын тауып береді. Содан кейін көсе ханға жөнеледі. Ханның ауылының шетіне келіп: «Ханға жолыққан кісі қалай жолығады» деп сұрайды. Мініп келген көлігін кейін тастап, дауыс естіртім жерден: «Сәләумалайкум, алдияр!» деп қолын қусырып барады» дейді. Көсе ол айтқанды істемей, түйесіне мінген бойымен қасындағыларын алып ханның үйінің тұсына барып, үшке дейін: «сөйлес, ау!» деп дауыстады, ешкім үндемеді. «Мына шіркінге көк түндік келіп қалған екен» деп кейін барып түсіп, екі шалды екі жағына отырғызып, өзі ортасында шынтақтап қисайып жатады. Серкені түсіріп байлап,
түйесін шөктіріп қояды. Хан көсенің бұл ісіне ашуланып: «Ана шалдың басын алыңдар!» деп кісі жұмсайды. Ханның жұмсаған кісісі Көсенің отырған түрін көріп, ханға қайта келеді: «отырған түрі бір түрлі қызық, өзі қу көсе екен, екі жағында екі қарты бар, бір серке байлаулы тұр, түйесі шөгерілген, ортасында өзі шынтақтап жатыр, басын шабуды лайық көрмедім», — деді. Мұны естігесін хан Көсенің жатқан жеріне келді. Хан жақындап келгенде Көсе шынтақтап жатқан күйінде:
— Салаумалейкум, алдияр хан! — деді. Хан:
— Уа, көсем, түйе мінгенің қалай? Көсе:
— Түйе мінсем, қырымдағыны көріп, қауіп-қатерден аман қалуға себеп бола ма деп ойлаймын. Хан:
— Түйеге кебеже неге теңдейсің? Көсе:
— Түйеге кебеже жараспай ма? Хан:
— Уа, көсем, серке алып жүргенің қалай? Көсе:
— Е, ханым, білмейсің бе? Хан:
— Білмеймін. Көсе:
— Бала екесің ғой... «Мал жақсысы — серке, адам жақсысы — ерке деген». Хан:
— Уа, көсем, шашы ақ, сақалы қара қартың не? Көсе:
— Шаш сақалдан жиырма бес жас үлкен емес пе? Сондықтан ағарған ғой. Хан:
— Шашы қара, сақалы ақ қартың не? Көсе:
— Мұның аты шабан, қатыны жаман, атқа мінсе, тебінген, үйде отырса, кейіген, сондықтан мұның сақалы ағарған.
Хан өзінің кісілеріне сыбырлап:
— Мұның қолтығында тесігі бар шығар, сөз гулеп шыға берді ғой, бұны суға түсіріп қолтығын қарайық, — деді.
Хан:
— Уа, Көсе, суға түсесің бе? Көсе:
— Түсейік.
Өзге жұрт суға түскенде Көсе мен хан кейінірек қалды, сонда хан Көсеге:
— Түспейсің бе, Көсе, — деді. Көсе:
— Қолыңды берсең, түсейін. Хан:
— Берейін, түс! — деп хан өзі суға түсті. Көсе көйлектің жеңін, дамбалдың балағын буып, түйіп жатты. Сонда хан:
— Уа, Көсе, неге буынып, түйініп жатырсың? — деді.
Көсе:
— Бұл судың не себептен «Сыр» атанғанын білемісің? — деді. Хан:
— Білмеймін, — деді. Көсе:
— Ә, ханым, бала екесің ғой. осы судың бойында алпыс пышағын таптап, біздерін сақтап отырып сырласқан, сырласып отырғанда су тасып, алпысы да суға кеткен, сол уақта алпыс пышақ пен біз саптары төмен қарап, жүздері, ұштары жоғары қарап су түбіне орнап-орнап қалғанмен, сол пышақ пен бізден қорқып, буынып, түйініп жатырмын, — деді. Хан судан шықты да:
— Мынаны қызыл ауызға апарып қондырыңдар, — деді.
Ханның кісілері Көсені қызыл иттердің ортасына апарып тастады. Таң атқанша қырық қызыл итті қойнына салып барған сапысымен қырып өлтіріп тастады. Сонда хан:
— Аман-есен келдің бе, Көсем, — деді. Ханның бір кісісі тұрып:
— Аман-есені құрысын, қызыл ауыздарды қырып келіпті, — деді. Хан:
— Уа, Көсе, қайтамысың? — деді. Көсе:
— Қайтпаймын, Жиреншеге жолығып қайтамын. Хан:
— Жоқ, Көсе, Жиреншеге қарама, мен оны жіберейін, — деді. Көсе:
— Қой, жібермейсің. Хан:
— Жіберейін, уа Көсем, қызыл ауыздарды қырып тастағаның қалай? Көсе:
— Біздің ауылдың қойларын күнде қасқыр қырып жатыр, соған пайдасы тимегесін қызыл ауыздардың керегі қанша, қырмай қайтейін? Хан:
— Біздің ауыл Сырдың бер жағында, сіздің ауыл ар жағында, қасқырға не айла қылсын, қалай қорғасын? — деді.
Көсе:
— Ендеше біздің ауылдың айғырларының даусы сенің байталдарыңа қайдан естілді? — деді.
Хан үндей алмады. Көсе жүріп кетті. Артынан ханға Жиренше келеді. Көсенің келгенін, айтқан сөздерін хан Жиреншеге бастан-аяқ айтып өтті. Жиренше: «Мен оған барайын» деп еді, хан: «ойбай, барма, кісіден тосылатын емес, қу көсе көрінеді», — деді. Жиренше шыдамай Көсенің артынан кетіп қалды. Жиренше Көсені қуып жетіп, артынан келіп сәлем беріп еді, Көсе сәлемін алмады. Сонан соң көлденеңнен келіп сәлем беріп еді және қарамады. Қарсы алдынан шығып сәлем беріп еді, сәлемін алды. Сөйлесіп, амандыққа келгесін Жиренше айтты:
— Артыңнан сәлем бердім, алмадың, мәнісі не? Көсе:
— Артымнан келіп ит үруші еді. Жиренше:
— Көлденеңнен бергенде неге алмадың? Көсе:
— Көлденеңнен қатын сөйлеуші еді, сабаз ердің мінезі қарсы келіп сәлем беру, сондықтан алдымнан берген сәлемді алдым, — деді.
Жиренше:
— Уа, Көсе, жер ортасы қайда? Көсе:
— Уа, мен түйеге мініп жер шарасын болжай алмай келемін, астыңдағы атыңды бере тұрсаң, жер ортасын біліп берейін, — деді.
Жиренше аттан түсіп, атын береді. Көсе атқа мініп алып, түйені жетелеп, олай бір, былай бір жортып, жортып келіп: «Жер ортасы төбе, ел ортасы көре» деген, болжап келіп қарасам, сенің тұрған жерің жер ортасы екен», — деді де атты сауырға бір салып, Жиреншеге қарамастан тартып жүріп кетті. Көсе сол жолында еліне қайтып келе жатып бір ауылдың шетінде бие сауып тұрған бір қызға келіп:
— Сауар көбейсін, сөдегей бикеш! — деді. Сонда қыз:
— Тұрсам, түзелер, сенің аузың емес, — деді.
— Тіліңді Құдай кессін! — деп, атты сауырға бір салып Көсе тартып отырды.