23.08.2021
266
Әз Жәнібек
Арғынның арғы атасы Дайырқожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Ол кісі әрі әділ, әрі батыл адам болғандықтан, Ақжол атаныпты. Әбілхайырдың және сүйіктісі Қара қыпшақ Қобыланды батыр екен. Әбілхайырдың осы екі сүйікті адамы іштей жауласып, араз болып жүреді. Сондай шекісу үстінде айдалада Қобыланды батыр батырлығын жасап, Дайырқожаны өлтіріп кетіпті. Ел арасына араздық түсе бастайды.
Осы кезде әз Жәнібек хан Қобыланды батырға қатты өкпелеп, оны шариғат жолымен қысас қылып өлтіруді сұрапты. Әбілхайыр хан мұның талабын орындайын десе, қалың қыпшақ тегіс жауласып, бұлардан безіп кететін болады. Осыны ойлаған хан:
— Үш кісінің құнын алып бітісіңдер, — деген екен. Оған әз Жәнібек көнбей, ханға өкпелеп, қасына қалың елді ертіп көшіп кетеді.