Асан қайғының ұлы Абат
Ноғайлы Асан қайғының заманында Асан қайғыдан бір қыз келіп суал сұрапты:
— Ер адам төртке шейін әйел алады. Бұл дұрыс па? — депті. Асан қайғы атамыз:
— Ердің төртке шейін әйел алуы дұрыс, — дейді. Сонда қыз айтады:
— Бір әйелдің төрт еркекті алуы дұрыс па? — дейді. Асан қайғы:
— Дұрыс емес, — дейді. Қыз айтады:
— Еркектің төрт әйел алуы дұрыс болғанда, бір әйелдің төрт еркек алуы неге дұрыс болмайды? — депті. Сонда Асан қайғы жауаптан тоқталып:
— Ертең осы уақытта қайта келші, бұған жауап берсе Абат берер, — дейді. Абат — Асан қайғының жалғыз баласы екен. Абат келген соң Асан қайғы:
— Бір қыз осылай деп суал сұрады, соған жауап бере алмадым, — дейді. Абат айтады:
— Оған жауап беру қиын емес қой. Мен жауабын берейін, — дейді.
Ертең қыздан бұрын төрт түрлі сиырды әзірлетіп қойып, қыз келген соң төрт сиырды бір шелекке саудырып болып, Абат қызға айтады:
— Осы араласып, қосылып кеткен сүттің мына сүт мына сиырдікі, мына сүт мына сиырдікі деп төрт айырып берші, — депті. Қыз тұрып:
— Араласып кеткен сүттің қай сиырдікі екенін қайдан білейін, — депті. Абат:
— Олай болса бір әйел төрт еркек алса, онан бір бала туса, ол баланы төрт еркектің қайсысының баласы деп айтуға болады. Әлбатта, болмайды. Бұ себепті біреуінің баласы болмайды. Баланың насабы біреуінен де бірікмейді. Мұның үшін әйелдің бір еркектен артық алуға дұрыс емес, — депті.
Абат әрі мерген, әрі батыр, әрі ақылды, білімді болған дейді.