23.08.2021
  211


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Асан қайғының қызы Жұпар

Асан қайғы жеті жыл желмая мініп, жер қарап Жиделібайсынды ұнатып, халыққа айтып отырғанда он бес жастағы Жұпар деген қызының ұғып, сезген істері.



Асанқайғы деген кісі жеті жыл желмая мініп, қоныс қарап ұнатқан жері Жиделібайсын деген жер екен. «Құдай жаратқан жердің оңдысы. Адам жүзге келмей өлмеген, қойлары жылына екі қоздаған, жер шүйгіні сол екен», — дегенде, халық: «оған қалай жетеміз», — депті. Асан айтады: «оған жету оңай, малды үш жыл ту қылып желдендіріп, жылқыға айғыр салма, қойға қошқар қоспа, түйеге бура қоспасақ болады», — дегенді халық ауыр көріп, көшпейді. Әкесінің бұл айтып отырған сөзін кесте тігіп отырған қызы Жұпар ұғып отырады. Сол Жұпар сұлуға Айшора деген бай Ерназар деген баласына құда болып, он жеті жасқа келгенде алып береді. Желек астында отырған Жұпар келіншек Ерназарға:


— Сіз халықты аралап жүріп сұлулығы менен де сұлу бір қызды қалыңдық қып айттырып ал! — дейді. Күйеуі Жұпардың бұл сөзіне нанбады. Жұпарға:


— Сіз аспанның қызы, сіздей сұлу табыла қоя ма? — деді.


Ақыры сөзбен күйеуін нандырып:


— Не дегеніңіз, ел болған соң табылмай ма? — деген соң, күйеуі ел аралап жүріп бір байдың қызын айттырып алады.


Жұпар:


— Енді мынадан да сұлу әйел ал! — дейді. Ерназар:


— Енді маған әйелдің қажеті жоқ, — дейді. Жұпар:


— Саған керексіз болғанымен, маған керек, — деп, болмай тағы бір әйел алдырады. Үш әйел Жұпарды құрметтейді, тату-тәтті өмір кешеді. Үш әйел арасы бір жасардан әрбірі он бес ұл табады. Үшеуі қырық бес ұл табады. Жұпар қырық бес ұлға қырық бестен қылыш, найза, сауыт, дулыға, садақ, қорамсақ жасатады.


Жұпар бір күні күйеуіне:


— Менің әкем жеті жыл желмая мініп, жер шарлаған екен. «Тапқан жерім — Жиделібайсын деген жер бар екен: тайы құлындайды, тайлағы боталайды, тоқтысы қоздап, мал кіндігі үзілмейтін, ұрыстан аман болатын жер екен» деп еді. Қалай жетеміз, алыс деп еді, әкем: «қойға қошқар, жылқыға айғыр, сиырға бұқа, түйеге бура қоспай үш жыл малды желдендіріп көшсе, жетеміз» деген еді. Мен ішімнен ерге тиген соң: «Құдай жеткізсе, атам айтқан Жиделібайсынға барармын» деп, сол ойлаған ойыма Құдай жеткізді, — деп малды желдендіріп алып, малға еркек мал жібермейді. Жиделібайсынға ауып кеткен екен. Көшіп Жиделібайсынға да жетеді. Шеттен тоқтамай «Хан қорығы» деген жерге келіп қонады. Басқаларды басқа жаққа тастайды. Ол уақ хан болып тұрған адам Ақшахан деген екен. «Қорықтан көшір!» деп адам жібереді. Келген адам қараса, бір еркек, бір әйел ғана. Келген адам оларға дереу көшуге бұйырады. Жұпар:


— Жолаушы едік, ат бұрлыққан соң түсіп едік, әзір кетеміз, — дейді. Ханға айтқан соң, хан жата береді. Жұпар кеште барлық көшті қорыққа қондырып, үй тіктіріп, екі тоқалды екі жағына алып, жатақты бұрынғыдан да артық жасатып, әбден жайланып тойған соң, балаларын отырғызып былай деген екен:


— Шырақтарым, бөтен елге, көрмеген жерге келдік. Жолаушы — елден көп болмас, шұқанақ — көлден көп болмас» деген. Кеше жалғыз арбамен келген біреу көш дегенде, қазір көшеміз деген едім. Осынша көп ұл, малды көрген соң хан көп адаммен «көшіңдер!» деп келер. Сендер ертең таңнан тұрып, атқа мініңдер. Үйде болмаңдар. Бестен үшке бөлініп, өзімнен туған он беске ақ ат, ақ шапан, ақ тұмақ киіңдер. Ортаншыдан туған он беске қара ат, қара шапан, қара тұмақ кидіріп, кіші тоқалдан туған он беске күрең ат мінгізіп, күрең шапан кигізіп ұйықтап қалмай, ауылға қараңдар. Кісілер келіп, үйге кіргенде үздік-создық болмай, бірдей келіп әдеппен сәлем беріңдер. өздіктеріңмен араласпай, бөлек отырыңдар. «Адам ақылы көзінде» деген. Жабайы адам тәрізденбей, жадырап тұрыңдар! — деп балаларына ақыл айтып, малды қорыққа қоя беріп, жатып қалады.


Жұпар таңнан тұрып, балаларын тұрғызып, атқа мінгізеді де жібереді. Өзі жатып қалмай хан жаққа қарап тұрса, шапқан көбейіп, хан елі жиналып ауылға келе жатады. Хан келе жатқан жолға Жұпар кілем төсеп, өзі хан алдынан шығып ордасына түсіріп, ордаға кіргізеді. Орда
төріне он бестің қаруларын іліп қояды. Үйдің екі жағына қалған екінші он бес қару-жарағын іліп қояды. Хан ордаға кіріп, бұған қарап отыра береді. Хан:


— Сіздер кім боласыздар, қайда барасыздар? — деп сөз сұрағанда, Жұпар бәйбіше:


— Біз Сарыарқадан көшкен елміз. Әкем Асан қайғы жеті жыл жер шолып жүріп «ұрыс болмайтын қоныс бар ма екен?» деп, сонда тапқан қонысы — осы Жиделібайсын деген жер. Ел көнбеген соң өзі қатын-баласымен ауып кеткен еді. Мен атамның артынан іздеп, қара қазан сары бала қамы үшін көшіп келе жатқан баламыз, — деп айтып болып, —  бұрынғының бір сөзі бар еді:

«Ақылың ауса — балға бар,
Қонысың ауса — ханға бар.
Қарның ашса — байға бар,
Қайғылы болсаң — ханға бар», —


деген еді. Осы уақытында ақыл ауғанда, қоныс ауған да, қарны ашқан да, қайғылы болған да біз болған соң, қара ғаріп бас болғанша етегіне ілескен ханға барып, жолдас болайын деп өзімсініп, рұқсат сұрамай қорығыңызға қонып жатқаным, — деп жауап беріп отырғанда, үйге кіріп-шығып жүрген адамдар:


— Күншығыстан бір топ келеді, — деді. Соңынан: — оң жақтан бір топ келеді, — дегенше, — сол жақтан бір топ, — дейді. Келгендерге ауылдағылар жиналды. Келген жігіттер дереу далада тұрмай, ханға келіп сәлемдесті. Жігі бойынша отырғанда, хан:


— Жұпар бәйбіше, бұларды таныстыр! — деді.


— Алдыңғы он бес ақ өзімнен туған, ортаңғы қара он бес ортаншы сіңлімнен туған, соңғы күрең он бес кіші сіңлімнен туған, — дегенде, хан:


— Өзіңіз Асаннан туып, үстіңізге әйел алдырғаның қалай? — дегенде, Жұпар қайтарған екен:


— Уа, тақсыр, бұрынғының сөзі бар емес пе:


«Ит жаманы үй қориды,
Қатын жаманы ер қориды.
Жолдасы жаман би қориды,
Хан жаманы жер қориды».


Және бұрынғылар «байтал көп болса, құлын көп болады» деп. Сол бұрынғылар өтірік айтыпты деуге бола ма? Бір ерден туған баланың бөтендігі бола ма? Мен әйел алдырмасам, мына балалар қайдан пайда болар еді? — дегенде, хан Жұпарға жауап қайтара алмай, далаға шығады. Аздан соң хан:

— Мынау әйел де болса, өзіне сенген адам болу керек қой деп ойлаймын. Қорыққа сұрақсыз, ізденіп келіп қонуы және қырық бес ұл — анау, сайланған қару-жарақ, сауыт-сайман —  анау. Осы қорықты сендер ұнатсаңдар мен Жұпарға бергім келеді, — дегенде көп:


— Жеті атадан келе жатқан қорықты бір қатынға босқа берем дегеніңіз — не дегеніңіз? — дейді. Хан:


— Ай, халық-ай! Мен де осы қорықты босқа бергім келіп отырғаным жоқ. Мен де істің артын ойлап, қауіп көріп отырмын. Біз көп болғанмен қоймыз, олар аз болғанмен қасқыр сияқты. Олар Сарыарқадан көшкенде-ақ жанын шүберекке түйіп шыққан жоқ па? Және анау қырық бес
ұлдың өзіндей жауынгер, саймандарыдай сайман бізде бар ма? Қан төгіп, ұрыс-талас қылғанша өз қолымыздан абырой мен ерулікке деп бергеніміз мақұл деп ойлаймын, —  деген соң, көп:


— Айтқаныңыздың бәрі де дұрыс. Өзіңіз ойлап көріңіз, — депті.


Хан үйге кіріп отырған соң, қонаққа деп сойған ту бие мен қой етін асқызып, даярлап, соншама көп қолды бір кісідей күтіп, құрметтеп үшеу ара бір табақ жасап, алдарына әкеліп қояды. Көп халық ет жеп, сорпа ішіп болған соң қол жуып, жайланып отырған соң хан айтады:


— Уа, Жұпар ханым, мына қорық менің жеті атамнан қалған қорық еді. Сонау Сарыарқадан жер деп аңсап келіпсіз. Бұл қорықты сізге ерулікке бердім. Бұдан былай «Жұпар қорығы» аталсын! — депті. Сонда Жұпар ханым балаларына:


— Шырақтарым, хан бізге жеті атасынан келе жатқан қорығын берген болса, бұрынғының сөзі бар еді: «Хан қарашасына қайыр қылса, қараша ханға сый қылады» деген. Ханға бәйге ат бастатқан тоғыз, қара кілем, қара нар, тай-тұяқ жамбы, өзгелерге ат, шапан жол беріп сыйла! — депті.


Жұпардың мұндай жол-жоралғысына, біліміне, қайтарған жауабына көркіне хан әбден риза болып:

— Бәйбіше, сіз біздің жолымызға кілем жайдыңыз. Сонда дәл біздің жолымыз екенін қайдан білдіңіз? — деді. Жұпар айтты:


— Далаға шығып, көп қолға қарап тұрғанымда көп қол жылқыға қарай бой ұрды. Сіз келе жатқан жағыңыз тура бұрылмай ауылға келе жатқан соң хан осы жағында екен деп ойлап едім, — депті. Хан қош айтысып, еліне қайтады. Ердің бақытына жақсы қатын кез болады. «Ырыс алды — жақсы қатын» деген осы. Жұпардың білімімен соғыссыз хан қорығы «Жұпар қорығы» атаныпты.


 





Пікір жазу