23.08.2021
  317


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Асан қайғы туралы аңыз (І нұсқа)

Ертеде бір ханның қартайғанша баласы болмаған соң бала үшін тоғыз әйел алыпты. Ақырында ең артқы әйелінен бір ұл бала болып, атын Асан қойыпты. Бала балиғатқа толмай тұрған уақытында хан қатты ауырып өлер халатқа таянған соң уәзірлерін жинап отырып, мынадай тапсырма тапсырыпты:


— Менің күнім жақындаған сияқты. Сондықтан орныма балам Асанды тағайындаймын! Бұл ер жетім ел билеуге ауылы жарағанша елге басшылық етіп, Асанға қамқорлық етуді барлығыңа, әсіресе бас уәзірі саған тапсырамын! — депті. Онан кейін тағы мынаны айтады: — Ала бие бар, соның биылғы құлынын, үйде бір сары ала тазы бар, соның биылғы күшігін, пәлен жерде бір бәйтерек бар, соның басына бір бүркіт ұялайды. Соның биылғы балапанын алып, асырап өсіріп, осы үшеуін ер жеткен соң Асанға мұны да тапсыр! — депті. Сөйтіп, хан көп ұзамай өліпті.


Уәзірлер айтқанын қата қылмай, ер жеткен соң әуелі Асанды таққа мінгізіп, сонан кейін манағы айтылған үш затты да тапсырыпты. Құлын тұлпар, күшік құмай, балапан қыран болыпты.


Бір күні Асан көп уәзірлерімен аңға шығып, алыстап барып бір киік қуады. Кешке дейін қуса да киік жеткізбепті. Басқалары қара үзіп қалып, тұлпар мінген Асан жетпегенмен, қара үзіп қалмай ымыртқа дейін қуып қараңғы түскен соң, жалғыз жас бала далаға жата алмай түнімен таң
атқанша, ертең күн батқанша, тіпті біраз күнге дейін ел кездеспей, айдалаға тоқтай алмай, аңыратып сала береді.


Бірнеше күн өткен соң бала әбден қансыраған кезде бір елге кездеседі. Бір үйден келіп ат үстінде тұрып сусын сұрап тұрғанын сыртынан ханның қызы көріп, түр-нұсқасына қарап, бұл тегін адам емес екенін біліп, бір адам жіберіп баланы шақырып, ордасына алғызып бағып, екі-үш күн тыныққан соң, баладан жөн сұрапты. Бала жөнін айтқан соң:


— Жігітім, еліңнен өте ұзақ кеткен екенсің, елің осы жерден қырық күндік жер. Екі орта елсіз. Басшысыз еліңді табуың қиын. Егер ұнатсаң, мен бір ақыл айтайын, — депті.


Асан:


— Мақұл, — деп қыз сөзін тыңдайды. Қыз айтады:


— Бұл — мұсылман перінің елі. Менің әкем — осы елдің патшасы. Мен оның жалғыз қызы болғандықтан, менің ерге шығу жөніндегі еркімді әкем өзіме беріп қойды. Осы хабармен талай ханзадалар келіп еді. Бірақ олардың бірімен де келісе алмадым. Ал қазір сен ұнатсаң, мен сені
ұнатып тұрмын. Мақұл көрсең, қосылайық, — депті. Бұған Асан да қарсы болмаған соң, қыз дереу әкесіне хабарлайды. Әкесі де қарсы болмай, бірнеше күн ойын-сауықтарын өткізіп, қызын Асанға неке қиып қосады.


Бұл жұмыс жайғасқан соң, Асан әйеліне елінің әбігер болып жатқанын айтып, енді кешікпей еліне жүрмек болып ақылдасқан соң, әйелі де қарсы болмайды. Асан бұл хабарын хан атасына айтқан соң, о да қарсы болмай қасына бірнеше жолдастар қосып, қыз-күйеуін аттандырады. Сөйтіп, аман еліне келіпті.


Әбден әурелікке түсіп жатқан елі жоғалған ханы келген соң үлкен той қылып, тамашаға кіріседі. Бірақ осы қуаныштың үстінде Асанға тағы бір көңілсіздік пайда болады. Оның әйелі үйіне келісімен мылқау болып және құлағы да естімей қалады. Тәуіп, бақсы-балгерлер жаза алмайды. Бір күні Асан әйелін ертіп базарға барады. Қасына ертіп, базарды аралап жүргенде бір жерде ерлі-зайыпты екі әйел, екі еркектің сөйлесіп тұрған сөзіне құлақ қойса, бір әйел тұрып:


— Дүниеде біз төртеуміздей жаны дос, тату замандас болар ма екен? Біздің осы тату достығымыз баламыздан балаға қалып, мәңгілік үзілмес, — депті. Басқа анау үшеуі де мұны құптап, қарқылдап күліседі. Сол кезде Асанның мылқау келіншегі жымиып күледі. Онан шығып және базарды аралап жүрсе, бір жерде біреу етік саудалап тұр екен. Ол етікті қымбатсынып:


— Өте қымбат сұрадың, осы етігің он жыл киюге шыдай ма? Егер он жыл киіс жараса, сұрағаныңды беріп алайын, —  депті. Мылқау келіншек бұл сөзге де езу тартып күледі.


Асан әйелін ертіп үйіне келіп, уәзірлерін шақырып алып, мәжіліс сарайына әйелді де алғызып былай дейді әйеліне:


— Сен осы үйге келгелі мылқау болып қалдың, бір түрлі кеселге жолыққан шығар деп жүр едім. Олай емес, сен жорта істеп жүр екенсің. Егер кеселің қиын болса, бүгін базарда достықтарын дәріптеген екі әйелдің сөзіне және етік сауда қылған адамның сөзіне күлдің. Егер саңыраулығың рас болса, сөзді қалай естідің? Шын сырыңды айт, болмаса қазір өлімге бұйырамын, — деп қорқытады. Уәзірлері де:


— Айтыңыз, — деп өтінеді. Әйел қорыққанынан сөзге кірі седі, ол былай дейді:


— Менің кеселім жоқ, жорта етіп жүргенім анық. Өйткені біздің перінің заңында перінің қызы ықтиярымен адамзатқа тисе, сол күнінен бастап қырық күнге дейін сөйлемейді. Егер сөйлесе, бір түрлі бақытсыздыққа кездеседі. Сол тәртіпті сақтап сөйлемегеніме бүгін отыз тоғыз күн болып еді. Ертең шыдағанда, арғы күні өзім де сөйлейтін едім. Оған қарамадың. Енді сөзсіз бір бақытсыздыққа кездесеміз. Бірақ анау кісілердің сөздеріне күлгенімді айтайын.


Анау достықтарын дәріптеп тұрған екі ер, екі әйел төртеуі бірімен-бірі ойнас. Достықтары адал жүрекпен емес, адам жақсымен. Бұлардың осы жұмыстары әшкереленіп, жақында бірін-бірі өлтіреді. Ал анау етік сауда қылып тұрған жігіттің он күндік қана өмірі бар. Соны білмей опасыз дүниеге алданып тұрғанына күліп едім, — дейді. Сөйтіп, қыздың жасырып жүрген ұшатын аты бар екен. Соны мініп, «қой, қош аман бол!» деп ұшады да кетеді.


Асан осы қайғыға ұшыраған соң әрі-бері ойланып барлық мал-мүлкін, тәж, тақтын, ел-жұртын тастап, бір желмаяға мініп, әйелін іздеп дүниені кезуге шығады. Сөйтіп, Асанның дүниені кезіп аралауына осы себеп болған екен. Және Асанға «қайғы» деген ат осыдан кейін пайда болыпты дейді аңыз.





Пікір жазу