Асан қайғы туралы (ІІ нұсқа)
Әз Жәнібек хан Астархан қаласын орысқа салдырыпты. Орыс қаланы салғаны үшін ақыға жер сұрайды. Ол жердің көлемі бір өгіздің терісін таспадай қылып тілгенмен бірдей екен. Осы қаланың салыну құрметіне әз Жәнібек хан үлкен той қылып, оған Асан қайғыны шақырады. Тойға Асан қайғы бармайды. Тағы бірде құсбегімді білдіремін деп тағы да той жасайды. Асан қайғы бұл тойға тағы да келмейді. Үшінші рет бала сүндеті деп жасаған тойға ғана Асан қайғы келеді. Келген Асан қайғымен әз Жәнібек сәлемдесіп болғаннан кейін:
— Алдыңғы тойларға неге келмедің, басыңды жұлып алайын ба? — дейді. Асан қайғы былай дейді:
— Астархандай қаланы орысқа салдырдың. Қазақтан шебер таба алмадың ба? Күндердің күнінде қалаңды орыс жайлар. Құсбелігіңді білдіріп той жасағанда келмегенім, күндердің күні болғанда басыңды қырау шалып құсбелігің сенен қалады. Бұған неге келейін? Ал енді осы тойға келген себебім, Пайғамбар сүндеті құтты болсын айтайын деп келдім, — депті Асан қайғы.
Аз кем отырған соң Жәнібек хан Асан қайғыға:
— Арық кісісің ғой, — дейді. Сонда тұрып Асан қайғы былай депті.
— Қайғысызда қан ішеміз,
Біліксізде би ішеміз.
Өлеңді жердің өңін ішеміз,
Өлімді жердің моласын ішеміз.
Қайдан семіз болайын,
Күніне тоқсан аударылам,
Содан арық болдым, —
депті. Осы сөздерден кейін Асан қайғы үйіне барып жатып алады. Хан хандығын құрып отыра береді.
Күндердің күнінде Асан қайғы «Жәнібек өлді» дегенді естиді. «Мұны кім өлтірді екен» деп ойланады. Енді «оны өлтірген есік алдындағы құлың» дегенді естиді. Жәнібек хан өлгесін қала иесіз қалады. Орыс пен қазақ қаланы иемдену үшін дауласады. Ақыры, не керек, дау орыстың пайдасына шешіледі. Осыдан кейін Асан қайғы қазақтың тұрмысына қолайлы жер іздеп шығады. Ең алдымен Шу бойына барады.
«Жері шулайтын жер екен» деп қайтып келеді. Содан соң терістікке Еділ, Жайыққа кетеді. Оны «қысы қатты болатын жер екен» деп, менсінбей қайтып келеді. Енді Хорезм, Бесқалаға сапар шегеді. Ондағы Айбүгір деген тауға қарап тұрып: «Келгенге тоймайтын, кеткенге ортаймайтын, қазғаны арық, көрмессің жарық. Күндердің күнінде атарсың атпа, боларсың қатпа. Жері қамыс қатпа, бал өретін жер екен», — деп, оны да ұнатпайды.
Осыдан кейін Маңғыстауға келіп, оны «Маңғыстау емес, Мыңқыстау екен. Мыңсаулық қоздайтын жер екен, жері тар екен» деп бағалайды.
Осылай әр жерлерді аралай жүріп Майлықоңыр деген жерге келеді. Осы жер Асан қайғыға қатты ұнайды. Содан бері Майлықоңыр қазақтың қоныстанатын жеріне айналыпты.