23.08.2021
  133


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Асан қайғы және Әмет батыр

Өткен әз Жәнібек хан өзінің сыншы Айсыл есімлі қартын жұмсапты:


— Менің ұлан уақытта аттанатын жауым бар еді. Соған мінетін бір тұлпар тауып кел! — деп қолына мың сом ақша беріпті. Сонан қарт іздеп іздеп, ақырында бір құла шолақ бие әкеліп, ханға кіріп сәлем берген. Сонда хан:


— Таптың ба? — дегенде, «таптым» деген соң, сыртқа шығып қарапты да:


— Бұл тұлпар бола ма? — депті. Қарт:


— Мұның өзі тұлпар емес, мегер ішінде еркек қара төбел құлыны бар, сол — тұлпар, — дейді. Хан:


— Ай, сол тұлпар бола ма?! — деп, биенің екі көзін ойып алып, қарттың өзіне беріпті. Қарт бағып тұрып, уақыты болғанда бір еркек қара түйе құлын туып, енесінің екі жағына асып түсіп тұр екен. Қарт әлгіні жылға шейін қараңғы үйде асырапты. Қарттың жалғыз ұлы бар екен Әмет есімлі.


— Әй, балам, әз Жәнібек хан аңға шыға ма екен, білші, —  депті. Баласы:


— Ертең аңға шығам деген, — депті. Қарт айтыпты:


— Шырағым, атыңа оң күйі жеткен жоқ, алдын болса да мініп шығып, жалғыз жүр. Хан қаршығасын құсқа жібергенде сен де ұмтылғайсың! Ханның құсынан бұрын жетіп алмас па екенсің, — дейді.


Сонан аңға шығып, хан дауылпазды соғып, қаршығасын тастағанда бір шеттен Әмет шауып, қаршыға шүйілерден бұрын жетіп, құстың құйрығынан ұстап алып жүре беріпті.


Хан:


— Мынау кім? — дегенде айтыпты:


— Бұл — Әмет. Астындағы баяғы құла шолақ биенің ішіндегі қара төбел құлыны, — дейді. Сонан Әмет үйіне келген соң, атасы сұрағанын айтыпты осылай болды деп.


Хан бір күнлерде баяғы жауына аттаныпты. Бұ Әмет те ханға білінбей аттанып, көп әскер Боғалы байдың үйіне қоныпты. Көп кісіні Боғалы байдың баласы Боқаырза жақсы қонақ етіпті. Боғалы бай — ханның әуелдегі бұқасын баққан құлы екен. Хан қызметіне риза болып:


— Әгар да осы жаудан аман қайтсам, қарындасым Ханбикені берем, — депті. Сонан жауына барып атысып, ақырында ханның туы жығылып қашқанда екі атлы кісі ханды қуып жетіп, найзаменен шаншыр болғанда, Айсылдың ұлы Әмет қара төбел атыменен жетіп келіп, ханды алып
құтылыпты. Хан:


— Қарындасым Ханбикені саған берермін, — депті.

Бір күнлерде ханның үйінің қасына көп үй тігілгенін көріп Әмет сұрайды:


— Бұ тіккен үй не нәрсе? — деп. Білген адамлар айтыпты:


— Хан қарындасы Ханбикені Боғалы байдың ұлына берейін деп жатыр, — деп. Сонан Әмет сауытын киіп, қара төбел атын мініп, ханның үйінің сыртына қаңтара тастап, үйге кіріп барыпты. Үйде әз Жәнібек хан, Асан қайғы, Алшынның ұлы Алау батыр отыр екен. Хан Асан қайғыны шақырып алып отыр екен. Һәм ханға өкпелі екен. Себебі орыс: «бір өгіз терісі сыйғандай жер бер» дегенде, беріп, өгіздің терісін жіңішке леп тіліп не құрлы жер алғаны хақында. Әмет келіп үйге отырған соң хан Асан қайғыға аяқ беріпті. Сондағы Асан қайғының айтқаны:


— Алты атанға қос артып,
Алты жыл қоныс іздедім.
Балығы суда деп,
Қызығы қырда деп,
Аштархандай қаланы
Өзің келіп салдырдың.
Орысқа жерді алдырдың,
Көңлімді жаман қалдырдың.
Даладағы көлге шекер төктірдің,
Шекерлі көлге қуды бөктірдің.
Құс төресі қу еді,
Құс жаманы құладын,
Құладынға қуды алдырдың.
Күні бір күн болғанда
Хан иемнің өзіне келер деп,
Бір жаманнан өлер деп,
Соған өкпелеп келме деп.
Аусарым, аусарым,
Арғымақтың аяғын
Алтынменен тағалап,
Күмісменен шегелеп,
Шын жібек тұрғанда
Арқанменен тұсар ма?
Хан өтірік айтарым,
Хан жарлығы қайтарым,
Айсылдың ару Әмет тұрғанда
Боғалы байдың ұлына,
Бұқа баққан құлына
Қарындасы Ханбикені берерге ұсар ма? —


депті. Хан Әметке де бір аяқ беріпті, «жырлап, іш!» деп.


Аяқты ішіп болып Әметтің айтқаны:


— Хан таңбалы қараны
Қақпа аузына жықпасам.
Қайқы қара болатты
Қанға былғап шықпасам.
Еліңді бөле-бөле шаппасам,
Бөріккен қойдай атпасам.
Керегеңді кеспесем,
Кесіп көмір етпесем,
Қарындасың Ханбикені
Қайырып беттен сүймесем,
Атам Айсыл менен Әмет болғанша
Аруақсыз тусам нетеді?! —


деп үйден шығып жүре беріп, кешке қайта айналып қызға келіпті «алып қашайын» деп. Сонда келе жатып Әмет батырдың айтқан сөзі:


— Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудай хан ұлына
Қол арттырдың, жүйрігім!
Атағым қара кісі еді,
Атағымды сен шығардың, жүйрігім!
Алдыңнан қамыс құлақ сарала ұшыраса,
Артыңнан ауыр әскер құрсаса,
Қыл жүректің басынан,
Тебінгінің астынан
Сырлы жебелер айқасса,
Сыр білдірме, жүйрігім!
Сен хайуан да, мен — адам,
Жағадайсыз қалай шыға келдік бұл жерге.
Қадір ием ер жомарт,
Арғымағым, қалтақ күн
Қоссаң да қайта үйіріңе.


Сонан қызды шығарып алып, түнде некелестіріп, қашыпты. Ертең түсте артынан қуған жалғыз қара көрініпті. Қараса, Алшын ұлы Алау батыр екен. Қыз айтыпты:


— Алау батыр келді дегенше, Тәңріден талау келді десейші, — деп жылап қоя беріпті. Сонда Әмет батырдың сөзі:


— Жыламашы, Ханайым,
Көп жыласаң көзің ісер, жанайым!
Сенің атаң бас болып,
Қарағаш таудың басында,
Қарауыл қарап жатқанда,
Балалы Домбай өткенде
Баласын Алшынның ұлы Алау батыр атқанда,
Баласы екеш баласы жығылмай
Ақсай басып өткенде,
Біздікіне жеткенде,
Анасын мен атқанда
Жанымдағы қырық жігіт
Оғымды суыра алмай
Табан салып тартқанда,
Үш күн ұдай тамашаға батқанда,
Сырымдардың Дәулеті,
Оқтардың ұзын иық, ұзын оқта Есені
Қоянақ ұлы Қартқожақ
Осы қолдың ішінде
Әмет ағасынан екенсің дей тұрды, —  деп қызды жұбатты. Сонда Алау батыр келіп:


— Сен жас едің, мен қарт едім. Тәңірі бақытларыңды ашсын! Міне, менің бармағымды ат! — деп бармағын көрсетіпті. Әмет оқпен тартып қалғанда бармағын жұлып кетіпті.


— Қош, аман болыңдар! — деп, қайтып келе жатқан әскердің алдынан шығып:


— Міне, оқ ататын бармағымды түсіріп кетті, — деген соң, барша әскер қайтып кетіпті. Әмет аман-есен қызды алып құтылыпты.





Пікір жазу