23.08.2021
  150


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Асан қайғы (ІV нұсқа)

Асан қайғы жас жігіт күнінде аң аулауға шығады. Сахарада келе жатса, алдынан бір түлкі қашады. Сол түлкіні қуалап, күн батуға жақындағанда соғып алады. Өзі қанжығасына байлап келе жатса, алдында бір жалғыз киіз үй көрінеді. Киіз үйге келіп кім бар деп дауыстап сұрағанда бір қыз шыға келеді. Сонда шыға келіп Асан қайғыны көріп, ішегін, ішін үш рет тартады. Сонда қызының ішін тартқанын үйдегі отырған әкесі естіп:


— Шырағым, шегіңді, ішіңді неге тартасың? — деп өз қызынан әкесі сұрайды. Сонда қыз:


— Ішегімді тартпай қайтейін, далада адамның сырттаны, жылқының, аңның, ағаштың сырттаны тұр. Төрт сырттан бір жерде тұр, — деді. Қыз Асан қайғыны атынан түсіріп үйге алып кіреді. Содан кейін келген жігітке шай қойып, тамақ істей бастады. Қыз өте сұлу, ажарлы болғандықтан Асан қайғының оған көңілі түсті. Оны жаратты. Сол күні қонып жатып, ертесіне қызға Асан қайғы:


— Менің әйелім жоқ, сондықтан сен маған ти, — деді.


Қыз:


— Жарайды, мен саған тиемін, — деді. Ол қызды алмақшы болды. Қыз Асан қайғыға:


— Сен маған екі күн өтіп, үшінші күні қайтып кел, мен сенімен еремін, кетемін, — деді. Екеуі уәделесіп, Асан қайғы екінші күні атына мініп жүріп кетті. Содан жүріп келе жатып, тағы бір уақытта бір киіз үйге келді. Үйге кіріп келсе, үйдің ішінде бір жалғыз қыз отыр екен. Бұл қыз өте ажарлы сұлу, манағы қыздан да ілгері. Бұл қызға:


— Маған тиесің бе? — деді. Сонда қыз:


— Тиемін, — деді.


— Егер сен маған тисең, мен сені бүгін алып кетемін, жүремін, маған ер! — деді.

— Жарайды, еріп жүремін, бірақ саған қоятын шартым бар, — деді.


— Жарайды, шартыңды айт! — деді.


— Мен алты айға дейін сөйлемеймін, мені сөйлетпе, сөйлетсең, мен саған жоқпын, — деді.


Уәде бойынша Асан қайғы қызды үйіне алып келді. Кейін бірнеше күн той істеді. Көп халық жиналып, қыз-келіншек қыздың қасына келеді. Әңгімелесіп отыра береді. Таң атқанша ол қыз сөйлемеді. Екі-үш күнге шейін қыз сөйлемеді. Бұл қыз өте сұлу. Отырғандар: «Апырмай, мынау қыз сақау екен. Бұл қыздың Асан қайғы сұлулығына бола алды», — дейді. Күндердің күнінде қыз таза сөйлемей, сақау болды. Асан қайғы қыз сақау болғандықтан бал ашушыларды шақырып әкеліп, бал аштырды. Бал ашушы:


— Бұл қыз сақау емес, мұны базарды аралатып көпті көрсетіп келіп, базардың шетіне шығарсаң, қыз сөйлейді, — деді. Қызды базардың шетіне шығарып, келе жатыр еді, қызға тіл бітіп қыз сөйледі:


— Ей, Асан қайғы, алты айға шарт жасап едік, бес ай өтті. Енді бір-ақ айы қалып еді. Соған қарамай, мені ақырында еріксіз сөйлеттің. Мен енді саған жоқпын, ғұмырың қайғымен өтсін! — деп қыз өз жолына жүріп кетті. Көз алдында қызды жұрт қуып еді, жете алмай, бәрі де қалып қойды. Ақырында Асан қайғы бірнеше күн қарап таба алмай қайғыланып, үйіне келіп жатты. Асан қайғының «Асан қайғы» атану себебі осыдан екен.





Пікір жазу