23.08.2021
  183


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Асан қайғы

Асан қайғының әкесі — Сәбит деген кісі. ол кісінің бір қара тұлпары, бір қара бүркіті, бір қара тазысы болады. Кәсібі аңшылық болады. Баласы болмайды. Бір күні түс көріп, әйелін шақырып алып:


— Мен бір жетінің ішінде өлемін. Енді маған керегі жоқ, — деп қара тұлпарды, тазыны, бүркітті қоя береді. Сонсоң әйеліне мынаны тапсырады:


— Сенің ішіңде алты айлық ұл бала бар. Атын Асан қой. Қашан бала ержетеді, сонда мына жүгенді, балақ бауды, қарғыны бер! Бұл әкеңнен қалған мирасы де. Бұлғыр тауына барып «құрауласа», тұлпар келеді, «бапаласа», бүркіт келеді, «кәкаласа», тазы келеді. осылар қолына тигеннен кейін мен сияқты аңшы болсын. Жалғыз-ақ Бұлғар тауының басына шықпасын! — дейді. — Егер шықса, өмірі бейнетпен өтеді.


Әкесі өлгеннен кейін, бала ер жеткеннен кейін шешесі оған айтылған аманатты тапсырады.


Асан Бұлғыр тауына барып «құраулап» еді, тұлпар келді, «бапалап» еді, бүркіт келді, «кәкалап» еді, тазы келді. Әкесі айтқан өсиет: «Бұлғын деген аң, соны қуа-қуа аты да, өзі де өледі» деген сөз. Тағы да Асан аңшылыққа шығады.


Бір күндері аң аулап келе жатса, алдынан бір аң қашады. Айшылықты алты басатын тұлпары, көзіне көрінгенді жібермейтін тазысы аңға жете алмайды. Соңынан Асан қалмайды, бір жерлерге келгенде түс ауа аңға жетеді. Аңды соғып алып, қанжығасына байлап, бір төбенің үстіне шықса, етекте отырған бір ауылды көреді. Аңды қуып шаршаған адам көрінген ауылға келіпті. Келген ауылының бір қызы Асанды көріп «ішін тартқан» екен. «Неге ішіңді тартасың?» деп сұрағанда, қыз былай деп жауап береді:


— Адамның сұлтаны,
Аттың тұлпары,
Құстың сұңқары,
Иттің сырттаны,
Мылтықтың ақ берені,
Қылыштың нар кескені,
Түлкінің бір шегі.


Іздесең қандай табылмас еді, жетеуінің бір жерге қосылғанына таңырқанып ішімді тарттым, — депті. Содан кейін қыз Асанның демалып, қонып, аттанарына көңіл білдіреді. Асан қыз сөзінен аса алмай, сол күні сол үйде болады. Таң атқан соң атын ерттеп дайындалып, жүрейін деп отырғанда, қыз саптаяққа бал құйып әкеледі. Асан саптаяқты қолға ұстап отырып, қыздың шамасын байқау үшін мына сөзді айтыпты:


— Без қайыңның безі екен,
Нағыз бездің өзі екен,
Ішіне құйған шекер екен,
Әйтсе де мына бір жері бекер екен, — деп саптаяқтың ернеуін бір сипап қойыпты. Сонда қыз былай дейді:


— Без қайыңның безі болса,
Нағыз бездің өзі болса,
Ішіне құйғаны шекер болса,
Ол жерін кемсінбей-ақ ішер едің-ау, балықшым, — деген екен. Асан қыздың бұл сөзіне жауап таппай, атына мінгенде қыз тағы былай депті:


— Сенің атың қазір Асан ғой. Көп ұзамай «Асан қайғы» атануға тиістісің. Үш жыл күтем, ендігісін өзің білесің, —  деген екен.


Асаннан Шашты Әзиз туады, Едігені Тоқтамыс өлтіреді.





Пікір жазу