23.08.2021
  188


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Арман (І нұсқа)

Ерте замандарда Асан деген баланың жеті жасында әкесі қайтыс болып, анасы Жаңыл екеуі жетім қалады. Күн көрістің қиындығынан анасы Жаңыл сол елдегі Тахир деген ханның аңға шығатын иттерінің күтушісі болады. Ал Асан болса кішкентайынан ханның қозысын бағады. Осылайша, талай жылдар өтеді. Ауыр жұмыс Асанның анасы Жаңылды әбден қажытады. Оңашада бір мұңды әуенге салып:


Ит өмірде итшілеп,
Итпен бірге үйшігім.
Иттің де бар иесі,
Иттен де жаман біздің күн.
Ит өмірден құтылып,
Жарылқайтын күн туып,
Жақсылық көрер ел барма,
Бәйшешегі құлпырып.
Кедейліктен жаман жоқ,
Кентай құрлы бағам жоқ.
Басар тау барар панам жоқ,
Бізді ескерер адам жоқ,
Егілсін зарлап мұңлы күй,
Одан басқа шарам жоқ, — деп ылғи да әндетіп отырады. Естігенін ұмытпайтын қағылез болып өседі. Хан сарайында болып жатқан сауық-сайранда шырқалған ән, тартылған күй көкірегіне тоқыла береді. Ұзақты күн қой соңында жүрсе де, қарап жүрмей, қурайдан әдемі үнді сыбызғы жасап алады. Ол сыбызғымен өзінің естіген ән-күйлерін тартып үйренеді. Асан тартқан сыбызғының тамаша сазына егіз лағы бар елік келіп, үнемі билеп асыр салып ойнайды екен. Олар сыбызғы сазына үйренгені сондай — Асаннан да қорықпайды, еттері үйреніп бауыр басады.


Күндерде бір күн мұны естіп білген Тахир ханның ерке баласы егіз лақты «елікті маған ұстап бер» деп Асанды қатты қинайды. Қамшының астына алып сабаса да, Асан лақтарды ұстап бермейді. Әбден долданған хан баласы бұл жайды әкесіне айтады. Тахир хан Асан мен Жаңылды шақыртып алып: «Ертең елікті лақтарымен алып келіңдер. Менің сарайымда билеп тұратын болсын. Орындамасаңдар, бастарыңды аламын», — дейді. Тахир ханның қаһарынан зәрелері ұшып қорыққанынан Жаңыл мен Асан елікті егіз лағымен хан сарайына әкеліп береді. Хан сарайдағы сыбызғышыны шақырып сыбызғы тартады. Бірақ еліктің лақтары билемей, мелшиіп тұра береді. Ашуланған хан бұл сыбызғышының басын алдырады да, екінші сыбызғышыны алдырады. Еліктер ол сыбызғышының тартқанына да қозғалмай тұра береді. Әбден қаһарына мінген хан, үшінші сыбызғышыны шақыртады. Жанынан түңілген сыбызғышы Асанның сыбызғысының сиқыры бар деп, соны сұратып алады. Еліктер оған да селк етпейді, сол баяғы мелшиген қалпы, сілейіп тұра береді. Хан бұл сыбызғышының да басын алғызады.


Сол елде ұзақ жасаған кәрі сыбызғышы бар екен. «Солай да, солай! Хан еліктің лағын билете алмаған сыбызғышылардың басын алып жатыр» дегесін қаусап отырса да, амалсыз әрең басып, ханға келеді. «Тақсыр хан, бұл еліктің лағын билетер сыбызғының сарынын білсе, сол Асан деген бала біледі, соның өзін алдыртыңыз», — дейді. Кәрі адамның сөзін кері қайтара алмай хан Асанды алдыртады да, қолына сыбызғысын ұстатады. Асан не бір сұлу сазды күйлерді, таңғажайып сырлы үнмен құйқылжыта тартқанда еліктің лағы билеп ала жөнеледі. Сыбызғының әдемі сазына өзі де елітіп, беріле ұйып тыңдайды. Асанның өнеріне риза болған хан: «Мен, кәрімді төксем жоқ қылам, мейірімім түссе, жарылқаймын! Қане айт! Не тілегің бар?» — дейді Асанға. Асан ханға басын иіп, рахметін айтады да: «Маған ештеңе де керек емес, менің анам Жаңылға, өзіме бас бостандығымызды берсеңіз, елікті лақтарымен босатсаңыз болды. Тілегім осы», — дейді. Тахир хан дүйім елдің алдында берген уәдесін кері жұта алмай, Асанның тілегін орындайды.


Ғасырлар бойы сыбызғыда тартылып келе жатқан сұлу сазды «Арман» күйінің тарихы осылайша баяндалады.





Пікір жазу